Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Сенатта қазақстандық медициналық сақтындыру мәселесі талқыланды

Сенаторлар өз бетінше жұмыспен айналысушыларды дәрігерлік сақтандыру тетіктерінің болмауына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 25 Қаңтар, 18:56

Сенатта Қазақстан Республикасының міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне әзірлік және оны енгізу мәселелері бойынша кездесу болды. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің бастамасымен өткен шараға Парламент депутаттары, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері қатысты.

Кездесуді Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашты. Сенатор міндетті медициналық сақтандыруды енгізу Президент Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы жеке бағыт (80-ші қадам) ретінде қарастырылғанын атап өтті.

Бұл үлгінің негізгі басымдығы мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі қағидасы негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығының сақталуын күшейту болып табылады. Қазіргі кезде бұл салаға қажетті құқықтық негіз қалыптасты. Парламент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңды, сондай-ақ бірқатар заңнамалық актілерге тиісті түзетулерді қабылдады. Таяу уақытта заң шығару органына кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы енгізіледі.

Шараға қатысушылар алдында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқармасының төрағасы Елена Бахмутова сөз алып, депутаттарды Қордың қызметі, оның ұйымдастыру құрылымы мен алдағы жылдарға даму жоспары туралы хабардар етті. Е. Бахмутова атап өткендей, Қордың негізгі мақсаты денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалану, тарифті белгілеу мен қызмет көрсету төлемдері жөніндегі бірыңғай қадамдар және саланың қаржылай тұрақтылығын күшейту болып табылады.

Талқылауға қатысқан Сенат депутаттары Ақан Бижанов, Серік Бектұрғанов, Әли Бектаев, Нұрлан Қылышбаев, Сәрсенбай Еңсегенов және Бекмырза Еламанов қазіргі өзекті мәселелерді айта келіп, бірқатар сауалдар қойды және қаралып отырған тақырып бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Жаңа үлгінің әлсіз жақтары мен Қордың тұрақтылығын қолдаудың келешегі және оның активтерінің сақталуы жан-жақты сарапқа салынды. Сенаторлар ауылдық жерлерде тұратын 2,5 миллионға жуық өз бетінше жұмыспен айналысушы адамдарға дәрігерлік сақтандыру тетіктерінің болмауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ сақтандыру жүйесіне барлық қатысушылардың өзара іс-қимылының әр қадамын нақты белгілеу ұсынылды. Пікірсайыс нәтижесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тиімді енгізуге бағытталған ұсыныстар әзірленетін болды. 





Яндекс.Метрика