Қазақстан және БҰҮ

Сенатта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымындағы Қазақстанның жұмысындағы басымдықтар анықталды (ФОТО)

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған осы комитеттің мүшелері Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Астана қаласы 25 Қаңтар, 18:34

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай,  Д.Назарбаева геосаясат және әлемдік дипломатияда Астана үдерістері ретінде тарихқа енген Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздердің аяқталуымен Сыртқы істер министрлігінің ұжымын құттықтады.

«Бұл Елбасымыздың саяси күш-жігері мен біздің еліміз дипломаттарының қажырлы қызметінің арқасында мүмкін болды. Осынау аса маңызды әрі нәтижелі жұмыс үшін комитеттің атынан алғыс айтамын. Жедел нәтижені ешкім күтіп отырған жоқ, дегенмен, ең бастысы, Сирия мәселесіндегі сең қозғалды, енді оның оң бағытта ғана дамитынына сенім артамыз», - деді сенатор.

Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов сыртқы саяси қызметтің қағидаттары мен қадамдары, мақсаттары мен міндеттері және басымдықтары жөніндегі негізгі мәселелер көрініс тапқан Сыртқы саясат тұжырымдамасымен сенаторларды егжей-тегжейлі таныстырды.

2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымындағы Қазақстанның жұмысындағы басымдықтарға ерекше назар аударылды.

Д.Назарбаева БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақстандық дипломаттардың жұмысын республикалық электрондық бұқаралық ақпарат құралдары мен басылымдарда жария етуді ұлғайту қажеттігіне назар аударып, алға қойылған міндеттерге қол жеткізуде елшілер қауымына тілектестігін жеткізді. Кездесу барысында сондай-ақ, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі барысында Сыртқы істер министрлігі мен Парламенттің өзара байланысы; Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің іс-қимылы; елімізге инвестициялар мен жаңа технологияларды тартудағы Қазақстанның сыртқы саясатын ілгерілету; Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің әлеуметтік саладағы өзекті мәселелері талқыланды.

 Сенаторлар Нұртай Әбіқаев, Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков және Георгий Ким еліміздің сыртқы саясат мекемесінің жұмысын жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды.
 

 

 





Яндекс.Метрика