Халықаралық интеграция

Кездесуге қатысушылар Астанада Сирия бойынша келіссөздер өткізу мүмкіндігі үшін ҚР Президентіне алғыс білдірді

Сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесуге қатысушылар Астанада келіссөздер өткізу мүмкіндігі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
Астана қаласы24 Қаңтар , 19:32

«Астанада өткен Сирия бойынша халықаралық кездесу БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарары талап ететіндей үкімет пен оппозиция арасындағы тікелей сұхбаттасу үшін тиімді тұғырнама болып табылады. Біз қарулы оппозиция топтарының 2017 жылғы 8 ақпанда Женевада БҰҰ қарауымен үкімет пен оппозиция арасында өтетін келесі келіссөздерге қатысуға ниетін қолдаймыз», - делінген ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыған сириялық реттеу жөніндегі келіссөздердің қорытындылары бойынша Ресей, Түркия және Иранның мәлімдемесінде.

Астаналық тұғырнамада сириялық реттеу бойынша одан әрі белсенді ынтымақтастық жасау туралы шешім қабылданғаны атап өтілді.

«Біз халықаралық қоғамның барлық мүшелерін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарарымен келісілген барлық іс-шараларды іске асыра отырып, саяси процесті қолдауға шақырамыз. Біз жаһандық процестерге өз үлесімізді қосу және 2254 қарарын іске асыру үшін сириялық саяси процесті қамтамасыз ету үшін БҰҰ құптауымен астаналық тұғырнамада белсенді ынтымақтастық жасау туралы шешім қабылдадық. Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесу өткізу мүмкіндігі үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және жалпы Қазақстанға алғыс білдіреміз», - делінген мәлімдемеде.

Құжатта үш елдің делегациясы 23-24 қаңтарда Астанада Сирия Араб Республикасының үкіметі мен қарулы оппозиция арасында келіссөздердің басталғанын құптайтыны туралы айтылған.

«Біз осы келіссөздерге Қазақстанның және БҰҰ Сирия бойынша арнайы елшісінің қатысуын бағалаймыз және мульти этникалық, көпконфессионалды ел ретінде Сирия Араб Республикасының егемендігі мен біртұтастығы идеясын ұстанатынымызды растаймыз. Бұл мәселенің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2354 қарарын іске асыру негізінде саяси процеспен ғана шешілетініне сенімдіміз. Cоғысты тоқтату режиміне толық сәйкестікті, арандатушылықтың болмауын және басқа сұрақтарды қадағалауы тиіс үшжақты механизм құру туралы шешім қабылданды», - деп оқыды Қайрат Әбдірахманов.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика