Басқару

Уақытша тіркеудің болмағаны үшін наурыздың ортасынан бастап айыппұл салына бастайды – ҚР ІІМ

Қазақстанда ІІМ уақытша тіркеудің болмағаны үшін биылғы жылғы наурыздың ортасынан бастап айыппұл сала бастайды. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Саинов ОКҚ-да хабарлады.
Нұр-Сұлтан 23 Қаңтар, 17:53

Ол 7 қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енгенін айтты.

«Ішкі көшіп-қонушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен тұрғылықты жері бойынша және уақытша келген орны бойынша тіркелуге міндетті («Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 51-бабы), - деді С. Саинов.

Оның айтуы бойынша, азаматтарды тіркеу мәселелері бойынша әкімшілік шаралар жаңа Тіркеу қағидалары ресми жарияланғаннан кейін ғана қолданылады.

«Қазіргі уақытта Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша нормативтік жұмыс жүргізіліп жатыр. Жуық шамамен бұл биылғы жылғы наурыздың ортасы болмақ», - деп анықтады С. Саинов.

Республика бойынша 2017 жылғы 23 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының 433 706 азаматы тіркелген, оның ішінде тұрғылықты жері бойынша – 194 774 адам, уақытша тұрғылықты жері бойынша – 238 932 адам.

«Электрондық үкімет» порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркеу мемлекеттік қызметі 3 627 азаматқа көрсетілген. Ағымдағы жылғы 17 қаңтардан бастап «электрондық үкімет» порталы арқылы уақытша тұрғылықты жері бойынша – 2938 адам, тұрақты тұрғылықты жері бойынша 689 адам тіркелген. 





Яндекс.Метрика