EXPO-2017

Астанада ЭКСПО кезінде 9 мыңға жуық полицей тәртіпті қадағалайтын болады

ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін кезде ішкі істер органдарының қызметкерлері, ІІМ оқу орындарының курсанттары, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және мемлекеттік емес күзет құрылымдарының қызметкерлері - барлығы 9 мыңға жуық адам қоғамдық тәртіпті қадағалауға және қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылады.
Астана қаласы24 Қаңтар , 09:56

Қазіргі уақытта көрме кешенінің аумағында нысандардың құрылысы және пайдалануға тапсыру кезеңінде елордалық ІІД 100-ден аса қызметкері, Ұлттық ұланның жауынгерлері қауіпсіздікті тәулік бойғы режимде қамтамасыз етуде, оларға бақылау-өткізу режимін ұйымдастыру және жаяу патрульдеу қызметтері жүктелген, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Көрме қалашығында учаскелік полиция бекеті жұмыс істейтін болады, онда 6 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады.

Сонымен қатар, көрменің логистикалық орталығы да қолданысқа енгізіледі, онда автокөліктерді тексеру екі мобильді инспекция-тексеру кешенімен жүргізіледі. 16 полиция қызметкері кіретін кешендердің персоналы арнайы оқытылды, соның ішінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша да дайындықтан өтті.

Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымында ашылып 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Павильондарды дайындауға 100-ден аса мемлекет пен 10-нан аса халықаралық ұйым қатысады.

 




Яндекс.Метрика