Парламент

Сенат комитетінде Сот-сараптама қызметі туралы заң жобасы қаралды

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 23 Қаңтар, 16:14

Заң жобасы сот-сараптама қызметін жүргізу жөніндегі мемлекеттік міндетті денсаулық сақтау жүйесінен әділет министрлігіне беруді көздейді. Еліміздің Сот сарапшылары палатасын құру арқылы мемлекеттік емес (жеке) сот-сараптама қызметі институтын одан әрі дамыту көзделіп отыр. Одан басқа, сот-сараптама өндірісіндегі үдерістерге қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтық тұрғыда қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған.

Заң жобасы сот-сараптама органы мен оның басшылығының, лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшыларының құқықтары мен міндеттерін реттейді. Сот сараптамасын жеке дара, комиссиялық және кешенді түрде жүргізудің ерекшеліктері реттеледі.

Оларды жүргізудің негіздері, зерттеу нысаны, жүргізу мерзімі, сараптамалық қорытындының мазмұнына қойылатын талаптар белгіленді. Жоба ережелерінде сараптама жүргізіліп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдіктер белгіленген.

Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Бұл құжаттың ережелері заңнаманы «Сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасының ережелерімен сәйкес келтіруге бағытталған. Заң жобасымен Қылмыстық-процестік және Азаматтық процестік кодекстерге, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

 

 





Яндекс.Метрика