EXPO-2017

Таиланд ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді дайындық үстінде (ФОТО)

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында Бангкокте «Қазақстан және «ЭКСПО-2017» брифингі өтті.
Әлемде 21 Қаңтар, 12:58

Брифингке Таиландтың мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялардың басшылары және 40-тан астам жетекші БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ.

Таиландтың энергетика министрі Анантапорн Канджанарат алғашқы сөзді алып, Таиланд павильонының тұжырымдамасымен таныстырды. Ол Таиланд үкіметінің 2017 жылдың ең маңызды шараларының біріне дайындығы барысы туралы айтып берді.

«Қазақстан таңдаған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы барлық адамзаттың болашақ ұрпақ үшін өзекті мәселелерін көрсетеді. Сондықтан Таиланд биоэнергетиканы жаһандық дамытуға өз үлесін қосып, Астанада жаңартылатын энергия көздері саласындағы өз әзірлемелерін көрсетуге ниетті», - деп атап өтті ол.

Қазақстан Республикасының елшісі Марат Есенбаев өз сөзінде Астана көрмесіне дайындық барысымен таныстырып, «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі кезеңдері туралы айтып берді және журналистер мен бизнес өкілдерін іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.

Сондай-ақ іс-шара аясында М. Есенбаевтың Таиландтың Коммерция министрлігінің, Инвестициялар палатасының өкілдерімен кездесуі өтті.

Анықтама үшін: Таиланд павильоны («Барлығына арналған биоэнергетика») көрмедегі ең ірі павильондардың бірі болмақ. ЭКСПО аясында 2017 жылы Таиланд ханшайымы Маха ЧакриСириндорн, Таиланд Премьер-министрі П.Чан-о-ча, Таиланд үкіметінің мүшелері мен ірі компания басшыларының Қазақстанға сапары күтілуде. 





Яндекс.Метрика