Өңірлер

ЭКСПО-2017 және ҰКП ҚР кәсіпкерлеріне бизнесті дамытуға көмектеседі

Астанада «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Нұр-Сұлтан 20 Қаңтар, 19:58

Құжаттың мақсаты – қазақстандық бизнесті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу мен өткізуге тарту. Көрмеге қызмет көрсетудегі жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ өңірлерден шағын және орта бизнесті тартуға бірлескен күш жұмсалатын болады, деп хабарлады ұлттық компания. 

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов алдағы көрме жасыл энергетика саласындағы негізгі шешімдерді талқылау мен іздеу үшін әлемдік алаңға айналатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ұлттық жоба еліміздің инновациялық дамуына серпін береді.

«Көрме отандық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған іс жүзінде ұлттық жобаға айналды. Жоба жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, сонымен қатар 50 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қауырт кезеңдерде алаңда 14 мың құрылысшы және 500-ден астам бірлік техника жұмыс істеді. Жалпы, көрме нысандарының құрылысына 366 отандық тауар өндіруші тартылып, 52,5 млрд теңгеге шарт жасалды», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Кулибаев көрме нысандарының жоғары дайындығын, сондай-ақ оның бизнес үшін кең мүмкіндіктер ашатынын айтты.

ҰКП басшысы Ұлттық палата мен «ЭКСПО» ұлттық компаниясының қазақстандық тауар өндірушілерді тартуға және туризмді дамытуға қатысты көптеген бағыттар бойынша бірлескен ынтымақтастығы Келісімге қол қойылғанға дейін басталғанын атап өтті. Т. Кулибаевтың айтуынша, бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілер үшін 50 млрд астам келісімшарт жасалған және бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.  

ЭКСПО-2017 басшысы Астанадағы көрме отандық кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету саласын дамыту үшін бірегей мүмкіндік болып табылатынын қосты.  

«ЭКСПО жаһандық нарықта ілгерілетуге, отандық брендтерді танымал етуге, коммерциялық байланыстарды реттеуге мүмкіндік береді. Бізде туристік индустрияны, соның ішінде ішкі туризмді де дамыту үшін жақсы мүмкіндік бар. Оған қоса, біз ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу мен өткізу кезеңімен ғана шектеліп қоймаймыз. Көрмеден кейін де үлкен жұмыс атқаруға тура келеді. Біз көрмеден кейінгі кезеңде аумақты дамытудың толық тұжырымдамасы бойынша жұмыс жасап жатырмыз», - деп мәлімдеді А. Есімов.

ЭКСПО-2017 және «Атамекен» ҰКП басшылары қол қойылған Келісім декларативті болмауы тиіс деген ортақ пікірге келді. Олардың пікірі бойынша, құжаттың іске асырылуы отандық бизнеске едәуір қолдау көрсетеді. 





Яндекс.Метрика