Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев Канада парламентшілерін қабылдады

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Канада Парламенті Қауымдар палатасы Сыртқы істер және халықаралық даму жөніндегі комитетінің төрағасы Роберт Нолт бастаған парламенттік делегацияны қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 20 Қаңтар, 18:23

 Р.Нолт сондай-ақ «Қазақстан-Канада» парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы болып табылады. Қ.Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Канаданың дипломатиялық қатынастар орнатқан 25 жыл бойы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Канадамен өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға, жоғары технологиялық бірлескен өндірістерді құруға, сауда-инвестициялық байланыстарды өрістетуге баса назар аударып келеді.

Сенат Төрағасы канадалық депутаттарды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін көруге шақырды. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы Қазақстан мен Канада парламентшілерінің сындарлы ынтымақтастығын атап өтті.

Ол канадалық депутаттардың Астанаға сапары екіжақты парламентаралық диалогке жаңа серпін беретініне сенім артатынын жеткізді. Жүздесушілер халықаралық саладағы маңызды мәселелер, олардың ішінде Сириядағы жағдай туралы пікір алмасты.

«Сирия үкіметі мен оппозициясы өкілдерінің таяуда Астанада өтетін кездесуіне Қазақстан зор үмітпен қарайды. Сирия қақтығыстары тараптарының қантөгісті тоқтатуға, саяси транформациялану мен елді соғыстан кейінгі қалпына келтіру үдерістерін бастауға тамаша мүмкіндік бар. Әлем қоғамдастығы бұл процеске жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Елордасы маңызды келіссөздердің басталуы үшін ең қолайлы орын болып табылады және біздің еліміз оған барлық жағдайды жасауға әзір», - деді Қ.Тоқаев.

Р.Нолттың пікірінше, Қазақстан Канаданың «жақын досы» болып табылады, екі елдің ортақ жақтары көп, оның ішінде климаты мен географиясының да ұқсастықтары бар. Канада парламентшілері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуда нәтижелі рөл атқарғысы келеді. Депутаттар Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылындағы тамаша жетістіктерін атап өтті. Парламентшілер біздің елімізге алдағы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі лауазымында жемісті жұмыс атқаруына тілектестігін айта отырып, күрделі халықаралық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сол күні Сенат Төрағасы Германияның Қазақстандағы Елшісі Рольф Мафаэльді де қабылдады. Қ.Тоқаев дипломатты біздің еліміздегі қызметінің басталуымен құттықтады және Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды жұмысында табысты болуға тілектестігін білдірді.
 

 

 





Яндекс.Метрика