Адами капитал

Т.Дүйсенова әлеуметтік-еңбек саласындағы азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізді

«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік-еңбек және денсаулық сақтау мәселелері бойынша ел азаматтарын қабылдады.
Астана қаласы20 Қаңтар , 09:31

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі  хабарлағандай, министрге барлығы 19 адам, олардың ішінде Астана қалаcы, Ақмола Павлодар, Қарағанды облыстары. сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының тұрғындары Тамара Дүйсеновамен бейнеконференция байланысы арқылы өз сұрақтарын қойды. Олардың басым көпшілігі зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру, емдеу барысында көмек көрсету, жұмыспен мәселелеріне қатысты болды. 

«Бүгінгі кездесуде көптеген азаматтар зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемін арттыру мәселелері бойынша сауалдар қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлемдерінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға, сондай-ақ, бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 1 шілдеден 20%-ға арттырылады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 81,6 млрд. теңге бөлінеді. Аталған мәселелер бойынша қазақстандықтар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында толық мағлұмат ала алады.

Сонымен бірге, азаматтар менен Нәтижелі жұмыспен қамту мен бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы сұрады. Мен оларға бағдарлама бойынша несие алу жолдары, азаматтарды жұмыспен қамту барысында қандай тетіктер қолданылатыны жайында мәлімет бердім»,- деп хабарлады Тамара Дүйсенова азаматтарды қабылдау аяқталған соң.

Министр барлық өтінімдерді қарастырып, әрқайсысына толыққанды жауап берді. Шешімі белгілі бір уақытты талап ететін мәселелерді Тамара Дүйсенова өз бақылауына алып, ҚР ДСӘДМ комитеттері, құрылымдық бөлімшелері мен аймақтық департаменттерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

 




Яндекс.Метрика