Инвестициялар

Текеліде туризм саласына 159,6 млн теңгеден астам қаржы тартылды

Текелі қаласындағы «Текесу» туристік кешен құрылысының жобасын жүзеге асыруға 159,6 млн. теңге тартылып, игерілді. Бұл туралы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев халық алдында есеп беру жиынында айтты.
Алматы19 Қаңтар , 11:32

Б. Өнербаевтың айтуынша, қазіргі кезде бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жолы, баллонмен, шанамен сырғанауға арналған жолы бар туристік базаның құрылысы аяқталды. Сонымен қатар мұнда қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанау, жазда тау велосипедімен экстремалды сырғанау жолдарын төсеу жұмыстары бітті.

Текеліде, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша тау, спорттық және өлкетану бағытындағы туризм орталығы жұмыс істейді.

Б. Өнербаев туризмді дамыту спорттық саламен тығыз байланысты екенін де атап өтті. Мәселен, Текелі қаласында мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебі жұмыс істеп, ондағы секцияларда 600-дей бала жаттығады. Бұл орайда қала әкімі 2016 жылы бірінші разрядтағы 18 спортшы, 11 спорт шеберлігіне кандидат дайындалғанын да тілге тиек етті.

Баяндамашылардың сөзінен кейін кездесу диалог түрінде жалғасты. Залға жиналған көпшілік өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, тұрғындар тозығы жеткен инженерлік коммуникацияларды ауыстыру, мәдениет үйін ашу, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, мектептерге күрделі жөндеу жүргізу және басқа да мәселелерді көтерді. Бұл сұрақтардың барлығына Текелі қаласының әкімі Б. Өнербаев пен Рудничный ауылының әкімі С. Вишняков жауап берді. 




Яндекс.Метрика