Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға республикадан 7,3 миллиард теңге, сонымен қатар облыстық бюджеттен қосымша қарржыландыру ретінде осы соманың 20 пайызы бөлінеді.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ақпараты бойынша ағымдағы жылы су құбырларын тарту жұмыстары аймағымыздың тірек елді мекендерінде, атап айтқанда Лебяжі ауданының Ямышева, Успен ауданының Константиновка, Ақсу қалалық аумағының Евгеньевка және Қызылжар, Ақтоғай ауданының Жолболды ауылдарында және облыс орталығына қарасты Ленин кентінде жүргізіледі.
Ақтоғай, Успен және Качир аудандарының орталық ауылдарында су құбырларын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, әлі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесі жоқ Баянауылда су құбырының құрылысы басталады.
Үстіміздегі жылы 20 елді мекенде, ал 2018-2019 жылдары 55 ауылда су қорын бекіту жоспарланып отыр. Осылайша, 2020 жылға дейін облысымыздағы ауылдардың 90 пайызы нақты су қорымен қамтамасыз етіледі.