Ұлттың денсаулығы

Павлодар облысының 3 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Ақсу қаласының ауылдық аймағы Алғабас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.Бұрын Алғабас ауылының 1137 тұрғыны медициналық көмекті талаптарға сәйкес келмейтін ескі ғимаратта алған болатын. Енді медициналық мекеме жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Астана қаласы30 Желтоксан , 14:58

Мұнда екпе кабинеті, акушер-гинекологтың, ем жасайтын және дәрігердің қабылдау жүргізетін бөлімдері бар. Бұдан басқа мекемеге скринингтік тексеріс жүргізу құрылғысы, жүрек ауруларын зерттейтін жабдықтар және тегін медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық құралдар сатып алынған.

«Медициналық мекеменің ашылуы ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа мұнда Ақсу қаласынан акушер-гинеколог, хирург, невропатолог, кардиолог дәрігерлері де келіп тұрады», - деді Ақсу қаласы орталық ауруханасының басшысы Мақсат Мұқашев.

Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов ауылда жұмыс істеп жүрген медициналық қызметкерлерге міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс екенін атап айтты.

«Дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жалғастыруымыз керек. Алдағы көктемде ауыл дәрігерлеріне арналған үйдің құрылысы басталады. Жоба бойынша үй электрлік және қосымша қазандықпен жабдықталатын болады»,  - деді аймақ басшысы.

Фельдшерлік-акушерлік пунктің ашылуы келесі жылға жоспарланған болатын, алайда мердігер нысанды уақытынан ерте тапсырды.  Осындай фельдшерлік-акушерлік пункт Качир ауданының Жаңабет ауылында және Ертіс ауданының Иса Байзақов ауылында да ашылды.




Яндекс.Метрика