Халықаралық интеграция

«Қазақ елі» анимациялық фильмі Түркияның телеарналарынан көрсетіледі

Болашақта Шымкент қазақ мультфильмінің дамуына ерекше үлес қосатын орталыққа айналуы тиіс. Анимациялық туындылар арқылы терең тарихымызды насихаттап, өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл туралы «Оңтүстік-фильм» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Сақ» киностудиясының алдағы жоба-жоспарларымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Южно-Казахстанская область30 Желтоксан , 10:52

«САҚ» киностудиясының бас директоры Нұриддин Пәттеев облыс әкіміне «Көне жетігеннің сыры», «Отырарды қорғау», «Қажымұхан», сынды тарихи орындар мен тұлғалар туралы түсірілетін анимациялық фильмдердің желісін жан-жақты баяндап берді. Сондай-ақ ол Ахмет Ясауи бабамыз бен  күш атасы – Қажымұханның тұлғасын танытатын мультфильмін түсіру жобасымен таныстырып, қолдау көрсетуін сұрады.

«Сақ» киностудиясы ағымдағы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы негізінде 75 минуттық толық метражды «Қазақ елі» анимациялық фильмін жасап шығарған еді. Қазақ елінің тарихи тағдырын бейнелейтін жоғарғы сападағы мұндай мультфильм Қазақстанда алғаш рет дайындалып отыр. Енді шығармашылық ұжым жетекшісі облыс әкімінен маңызды мультфильмді бауырлас Түркия елінде де көрсетуді ұсынды.

Әкімдік хабарлағандай, өз кезегінде Жансейіт Түймебаев «Қазақ елін» түрік тіліне аударып, 80 милиондық аудиториясы бар Түркияның телеарналарынан көрсету идеясы қолдауға лайықты бастама екенін жеткізді.

Киноиндустрия саласының тиімділігін тілге тиек еткен облыс әкімі  Жансейіт Түймебаев  мультипликациялық  тарихи фильмдер арқылы өңірімізге келетін шетелдік   туристердің қатарын артыруға болатынын айтты. Аймақ басшысы алдағы жылы Түркістан қаласында түркі дүниесінің мәдени іс-шаралары кең ауқымда аталып өтетіндігіне де кеңінен тоқталды.   

Кездесу барысында «Оңтүстік-фильм» мемлекеттік мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков келешекте Шымкенттен балалар киностудиясы ашуды ұсынды. Бұл орталықтың өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс мульти туындыларды насихаттауға күш салары сөзсіз.

«Бүгінгі бастамаларыңыз терең талқылауды қажет етеді. Жобаларыңызды әлі де пысықтай түсіңіздер. Нақты сценарийлеріңізді алдағы уақытта бірге қарап, өз тарапымыздан қолдау білдіретін боламыз. Ал «Қазақ елі» анимациялық толықметражды туындыларыңызды Түркия мемлекетіндегі тиісті орындармен келісім жүргізу арқылы оңтайлы шешеміз»,-  деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, 15 жылдық тарихы бар «САҚ» киностудиясы бұған дейін «Қазақ елі», «Сапа олимпиадасы», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшы»  сынды 50-ден астам тартымды анимациялық туындыларымен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ал 25 сериялы «Томпақ» фильмі отандық телеарналардан көрсетіліп, көрермендердің айрықша қызығушылығын тудырған дүние болып саналады.

Ал, «Оңтүстік-фильм» КММ  деректі және ғылыми-көпшілік фильмдер шығарумен сонымен қатар  ұлттық кинематография шежіресін, құжаттамалық мұрағатын жинақтау және сақтау әрі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады.

 




Яндекс.Метрика