Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі - «Қуатты бизнес - Қуатты мемлекет»

Жаңа индустрияландыру әлеуметтің әлеуетін арттыруға үлкен серпін беретінін дәлелдеп келеді

Өткен жолы тұсауы кесілген, сарапшылар әлі күнге сол төңіректе сөз саптап жүрген «Перспектива-2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» атты жинақ бар. «Дағдарыстан кейінгі әлем» халықаралық қорының осы зерттеулеріне әлемнің түкпірінен бірқатар сұраушылар қатысып, олар келешек көкжиекке көңіл жүгіртіп, дәл солардың аузымен әлемнің даму доңғалағы қалай бұрылатыны туралы біразырақ болжамдар жасалады. Осы қор жасаған зерттеуде алдағы қырық жылға қажетті қадамдар болжамдалып, дүние дамуындағы «өтпелі кезеңнің басты үш идеясына» қатысты сауалнама жасалыпты. Қор сұрағына жауап бергендер осы сауал бойынша «жасыл» дамудың басымдыққа ие болатынын атаған. Сосын жаңа индустрияландыруға үміт артатындар да болыпты.
Казахстан11 Тамыз , 00:00

Сөйтіп, Халықаралық қордың зерттеуіне қатысқан сарапшылардың тең жартысынан астамы өтпелі кезеңнің басты идеологиясына экологиялық теңгерімді дамуды таңдаған. Бұдан кейінгі орындарға технологиялық прогресс, жаңа индустрияландыру, мультимәдениет секілді идеялар түскен. Әлгі Қордың зерттеуіне қатысқан ұлыбританиялық сарапшы Рохит Тальвар былай деп жазады: «Мен үшін жаңа индустрияландыру – бұл мүлдем жаңа, бірақ біршама жауапкершілікті капитализм». Шындығында, сарапшылар атаған осынау басымдықтардың қай-қайсысына Қазақстанда барынша назар аударылып келеді. Дегенмен, жаңа индустрияландыру еліміздің басты идеясына айналып отырғаны да шындық. Сондықтан, бүгінгі айтарымыз да осы төңіректе болмақ. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша қолға алынған ауқымды индустрияландыру бағдарламасының мақсаты елдегі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын жаңғырту болып табылады. Ал өнеркәсіпті дамыту мен жаңғыртудан не күтіледі? Ең алдымен – бұл жоғары еңбек өнімділігі, энергетикадағы тиімділіктің жоғары дәрежесіне қол жеткізіп, шикізатты барынша тереңдете өңдеу, экономиканың барлық салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болып, өңірлердегі кәсіпкерлікке серпін жасауы қажет. Мұншама ауқымды міндеттердің жүзеге асуы, сөзсіз, халықтың әл- ауқатын, әлеуетін көтермек. Сонымен бірге, индустрияландырудың діттеген тағы бір маңызды бағыты – жаңа өнімдер, оның ішінде экспортқа бағдарланатын қазақстандық тауарлар шығару. Әлбетте, алмағайып бұрылыстары көп, технологиялар бірін-бірі шапшаң алмастырып жатқан заманда жан-жағымыздың сұранысына ие болатын жаңа дүниелерді шығару, оны аласапыраны басым болып тұрған әлемдік нарыққа өткізу оңай болмайтыны ақиқат. Дегенмен, стратегиялық міндеттің межесіне жету үшін техникалық стандарттан бастап, экономиканы түбегейлі қайта құру, жаңа кадрлар қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту арқылы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әбден болады. Ендеше, бүгінге дейін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен не атқарылды? Алдымыздағы жол қандай болмақ?

Жалпы, Индустрияландыру картасы екі бөлімнен құралғаны белгілі. Оның бірі облыстарды дамытуға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылған өңірлік карта болса, екіншісі – орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтердің тікелей бақылауға алған негізгі нысандары топтастырылған республикалық карта. 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның индустрияландыру картасына еліміздің экономикасының дамуына тың серпін беретін кешенді жобалар енгізілгені белгілі. 

Ииндустрияландырудың өткен үш жылы негізінен өнеркәсіптік саясаттың даңғылы айқындалды десе де болады. Индустрияландыруға қатысты елу шақты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, құқықтық кеңістік қамтамасыз етілді. Экспортқа бағдарланушы, отандық жаңа өнім өндіруші бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламалары дүниеге келді. Нәтижесінде, бірқатар көрсеткіштерге де қол жетті. Айталық, индустрияландырудың өткен үш жылында 500-ден астам жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Оның ішінде 100 кәсіпорын қайта жарақтандырылған кәсіпорындар болса, 400-ден астамы түбегейлі жаңа өндіріс орындары болып табылады. Сонымен қатар, индустрияландыру бағдарламасының арқасында жалпы ішкі өнімнің өсімі де қамтылған. Мәселен, мамандардың айтуынша, былтыр ЖІӨ-нің өсу деңгейі 5 пайыз болса, оның 1,5 пайызы осы индустрияландыру бағдарламасының тиімділігінің арқасында қамтылған. Бұдан бөлек, қазақстандық өндірісте қайта өңдеу саласына жан біте бастады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда соңғы үш жылдағы қайта өңдеу саласының өсімі 19 пайызды құраған. 

Тағы мынадай жағымды көрсеткіштерді алға тартуға болады: Қазақстанда 2008 жылмен салыстырғанда өткен жылы қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс өнімділігі 1,5 есе артты. 2011 жылмен салыстырғанда, экспорт көлемі 2012 жылы 5,3 пайызға өсіп, 92,3 миллиард долларын құраған. Былтыр қайта өңделген тауарлардың экспорттық көрсеткіші 25,5 миллиард долларды құрап, өсім 14 пайыз көлемінде болды. Индустрияландыру елдің әлеуетін арттыруға да өзіндік сеп болды. Мәселен, 4 жыл ішінде экономикадағы жұмыс орны 600 мыңға артып, 8 миллион адамнан асқан. Оның ішінде өнеркәсіп орындарында 85 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 41 мыңы Индустрияландыру картасындағы 537 жобаның іске қосылуы нәтижесінде мүмкін болыпты. Яғни, елдегі экономикалық тұрақтандырудың пәрменді тетігін Елбасы айқындаған индустрияландыру бағдарламасы ұстап тұр деуге келеді. Ал биылғы жылдың өзінде Индустрияландыру картасындағы жобалар құрылысында 80 мың адам жұмыспен қамтылатыны күтіледі. Ендеше, алдағы жылы да жағымды үдерістер жалғасын табатыны ақиқат. Сонымен қатар, индустрияландыру аясында Қазақстанда бұрын ешқашан өндіріліп көрмеген 200-ден астам өнім өндіру жоспарланады. Қазірдің өзінде 140 өнім түрі «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығып жатқаны белгілі. 

Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті жүктелгені де белгілі. Жаһандық дағдарыс ауқымында бұның өзі аса өзекті мәселе екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, халықаралық басқосуларда, шетелдердегі түрлі шаралар мен кездесулерде Президент Н. Назарбаевтың есімімен байланысты жаңа индустрияландыру саясаты белсенді насихатталып жатыр. 

Қазақстандық үлеске барынша басымдық беру жалғаса түспек 

Өз Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев Индустрияландыру бағдарламасының аясында «Үкімет үшін қазақстандық мазмұнды дамыту ісі нөмірі бірінші шаруа болуға тиістігін» баса айтқан еді. Сосын Президент қазақстандық үлесті ең төменгі деңгей ретінде 50 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеген болатын. Шындығында, бұл аса маңызды іс. Өйткені, қазақстандық үлестің артуы ел өнеркәсіптерінің деңгейі мен отандық мамандардың білім-білігінің де көрсеткіші болатыны белгілі. Жалпы, қазақстандық үлес дегеніміз – еліміздің аумағындағы кәсіпорындар пайдаланатын қазақстандық тауарлардың, қызметтер мен еңбек ресурстарының құндық мазмұндағы үлесі. Яғни, бұның өзі Қазақстанның технологиялық және индустриялық-инновациялық даму деңгейінің индикаторы болып табылады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қазақстандық үлесті арттырудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы жасалған болатын. Отандық мазмұнды арттыруға арналған аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында арнайы «Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі NADLoC ұлттық агенттігі» құрылып, ол қазақстандық өнеркәсіптердің нарыққа өнімін еркін саудалауына бар мүмкіндікті жасап отыр. Мәселен, осы қазақстандық мазмұнды арттыру бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері, жергілікті жерлерге бөлінген қаражат көлемі 1 трлн.700 млрд. теңгені құраған. Бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде инфрақұрылымдық өзгерістер орын алады, жұмыспен қамтудың деңгейі мен қазақстандық мамандардың құзырлық деңгейі кеңейе бермек. «Кеден одағы жағдайында және Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылудың қарсаңында қазақстандық үлесті дамыту мәселесінің өзектілігі арта түсуде. Біз, мысалы, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді және сапа менеджменті жүйелерін сертификаттау, Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларға жергілікті мазмұн бойынша сараптама жасау кезіндегі шығыстарды өтеуге негізделген мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынып отырмыз. Біз отандық өндірушілерді бастамашы болуға, алға қарай дамуға үндейміз», - дейді агенттіктің басқарма төрағасы Қайрат Бектүргенов. 

Ал еліміздегі жетекші өндірістік кәсіпорындарға, ұлттық компаниялар қызметіне тоқталсақ, мұнда да ілгерілеушілікті байқауға болады. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының былтырғы жылдың сатып алуларындағы қазақстандық үлесі 57 пайызды құраған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп көрсеткіш. Ұлттық компания 1998 жылдан бері мұнай-газ машина жасау саласын дамытып, ел өндірісінде мұнай-газ жабдықтарының жаңа түрлерін игеруге ықпал ету бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тауарлық-материалдық құндылықтар мен қызмет түрлерін сатып алу көлемінің 50 пайыздан астамын қазақстандық өнім өндірушілерден алуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 10 мың түрлі зат сатып алынса, оның бес мыңға жуығы қазақстандық белгілерімен мөрленген. Жыл аяғына дейін бұған 476 өнім түрлері қосылады. Айта кетерлігі компания республиканың түрлі аймақтарынан 300 ден астам кәсіпорынмен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. 

Индустрияландыру қазақстандық өнім экспортына да елеулі әсер етуде 

Президент Жолдауында Қазақстанда экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттық үлесті 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайтуды жүктеген еді. Бұл бағытта Елбасы 2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиістігін айтқан болатын. Осынау маңызды міндетке байланысты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Экспорт-2020» атты арнайы бағдарлама қабылданып, қазақстандық экспортты дамыту үшін бірқатар шаралар атқарылған. Осы бағытта жұмыс істейтін шикізаттық емес саланың 1500-ге жуық кәсіпорны мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болғаны – соның айғағы.

Экспортты дамыту мақсатында жұмыс істейтін «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі отандық тауарларды әлемдік нарыққа жылжыту үшін 2009 жылы 13 шетелде 23 сауда шараларын өткізді. Атап айтқанда, осындай шара аясында қазақстандық тауар өндірушілер Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Қытай, Үндістан, Иран, Румыния, Польша, Беларусь және Корея елдерінде болып, отандық тауарларды насихаттау, аталған елдердің рыноктарына өткізу жолында бірқатар игі істерді жүзеге асырды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде отандық тауар өндірушілер жалпы құны 183 млн. долларды құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойған. «Kaznex Invest» агенттігінің тікелей қолдауымен шет мемлекеттерде 100 қазақстандық тауар белгісінің тұсауы кесілген.

Бағдарлама шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін экспортқа шығару мақсатындағы жұмыстар өзінің тиімді нәтижелерін беріп, осы жылдар ішінде еліміздің экспорттық әлеуеті айтарлықтай өсе түсті. Мәселен, 2012 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы экспорт көлемі 92,3 млрд. долларды құрапты. Түйіндей айтқанда, статистиканың өзі еліміздің экспорттық әлеуеті соңғы 3 жыл ішінде 54 пайыз өскенін көрсетті.

Ал сарапшылардың дерегіне жүгінсек, қазір Қазақстан экспорт көлемі бойынша әлемдік экспорттаушылардың қатарында 40-орынды иеленіп отыр. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Сонымен қатар, елімізде жасалған тауарлар бүгінде әлемнің 120 мемлекетіне экспортталса, 111 мемлекетке қазақстандық дайын өнімдер жөнелтіледі екен. Оның ішінде 2012 жылы қазақстандық дайын өнімдерді экспорттау көлемі Ресейге – 29 пайыз; Өзбекстанға – 12; Қырғызстанға – 7,8; Ауғанстанға – 5,3; Тәжікстанға – 4,5; Қытайға – 3,9; Түркіменстанға – 3,1; Германияға – 2,5; Ұлыбританияға – 2,3; Румынияға – 1,8; Бельгияға – 1,6; Польшаға – 1,6; Әзербайжанға – 1,4; Украинаға 1,3 пайызды құраған. Бұдан бөлек, қазіргі кездегі әлемдік сауда жағдайына қарағанда Қазақстанның тауар экспорты жоғары қарқынмен өсіп келетінін алға тартатындар баршылық. Яғни, 2008-2012 жылдар аралығында Қазақстан экспортының орташа жылдық өсімі 7 пайыз болса, әлемдік экспорт деңгейі 6 пайызды құраған.

Тоқтала кететін тағы бір маңызды мәселе – қайта өңделген тауарлардың экспорты тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет биік межеге жетіп, 25,5 млрд. долларын құрап отыр. Мысалы, ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, қайта өңделген тауарлар экспортының өсімі 2012 жылы 14 пайызды құраса, шикізат экспортының өсімі 2,4 пайыз болған. Қайта өңделген қазақстандық өнімдерді импорттайтын шетелдердің басқы бестігіне Қытай (мыс, ферроқорытпа, мұнай өнімдері), Ресей (уран, мыс, прокат), Швейцария (мұнай өнімдері, алтын, күміс), Түркия (мыс, мырыш, мұнай газы), Германия (ферроқорытпалар) мемлекеттері кіреді. Ескере кететін жайт, мұндай межеге жету, ең алдымен, мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асып отыр. Ал экспортқа бағытталған мемлекеттік қолдау негізінен жоғары қосымша құны бар дайын тауар өнімдеріне жасалады. Экспортқа шығарылатын дайын тауар өнімдері 2010 жылы 2,3 млрд. долларды құраса, 2011 жылы 3,2 млрд. доллар, 2012 жылы 4,2 млрд. долларға жетті. Осы жылдар ішіндегі дайын тауар өнімдері экспорты 29 пайызға өсіпті.

Бүгінгі таңда Үкімет индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын жоспарлауға назар аударып отырғаны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, даму бағдарламасының негізгі нәтижелері келесі бесжылдықтар аясында айқын сезілмек. Дегенмен, бүгіннің өзінде индустрияландырудың оң жетістіктерді бағындырғаны айқын. Бұл жаһандық дағдарысқа қарсы қазақстандық жауап болып табылатындығы да сөзсіз.




Яндекс.Метрика