Өңірлер

Павлодар облысында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына 7,4 млрд теңге бағытталды

Павлодар облысында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына 7,4 млрд теңге бағытталды , деді облыс әкімі Болат Бақауов 2016 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, 2017 жылға арналған міндеттермен таныстыру барысында.
Павлодар29 Желтоксан , 12:48

Әкім тірек ауылдарды дамыту мәселесіне жеке тоқталып өтті. Ол ауылдың дамыған инфрақұрылымы жағынан тартымды болуы керектігін, халқы жаңа жұмыс орындарын құру есебінен жұмыспен қамтылуы керектігін, ал бұның жаңа өндірістер ашу, бизнестің қолданыстағы жобаларын кеңейту арқылы мүмкін болатынын атап айтты.

«Бұл үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, тек оларды дұрыс пайдаланып, халыққа ақпарат беру керек.Ауыл әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысы әлсіз. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты кәсіпкерлікке тарту міндеті тұр. Жеке қосалқы шаруашылықтар арасындағы кооперацияны дамыту, отбасылық сүт-тауар фермаларын құру қажет. Біздің алдымызға бұл міндеттерді Елбасы қойып отыр. Ал біз оларды атқаруымыз қажет!» , - деп мәлімдеді әкім.

Болат Бақауов су қорларын тиімді пайдалану мақсатында келесі жылдан бастап облыста көлдетіп суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталатынын айтты. Қазіргі уақытта көлдетіп суару жүйесінің қолда бар құрылғылары істен шығып, пайдаланылмай тұр.

«Биылғы жылы біз үшжылдық бюджетті қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқардық. Онда біздің барлық дерлік қажеттіліктеріміз ескерілген. Республикалық бюджеттен түсетін мақсатты трансферттер мен несиелерді есепке алғанда, 2017 жылға арналған облыс бюджетінің көлемі 182 миллиард теңгені құрайды. Жәрдемқаржы көлемі 44 миллиард теңгені құрайды, бұл 2016 жылғы көлемнен 6 есе артық»,  - деп сөзін жалғастырды аймақ басшысы.

 

Әкімнің айтуынша, инвестициялардың басым бөлігі қалалар мен аудандарды дамытуға бағытталған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 11,2 миллиард теңге сомасында мақсатты трансферт бөлу қарастырылған. Келесі жылы 200 орындық облыстық онкологиялық диспансердің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі 25 жобаны іске асыруға 7,4 миллиард теңге бөлінеді.




Яндекс.Метрика