Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Қазақстанда шетелдерден жоғарғы білікті жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шаралары жеңілдетіледі

Қазақстанда шетелдерден жоғарғы білікті жұмыс күшін тартуды рәсімдеу шаралары жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚР миграциялық саясатындағы жаңа тәсілдер» тақырыбында өткен брифингте ҚР ДСӘДМ Еңбек, әлеуметтік қорғау мен миграция комитетінің басшысы, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмади Сарбасов хабарлады.
Казахстан28 Желтоксан , 16:42

Өз сөзінде ол ҚР көші-қон саясаты ішкі еңбек нарығын қорғау мен оны отандық мамандар үшін сақтауға, сонымен қатар, жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға негізделгенін атап өтті.

«2015 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сай, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШЖК тартудың жеңілдетілген тәртібі енгізілмек. Оның ішінде Қазақстанға келген шетел мамандары экономиканың басыңқы салаларындағы сұранысқа ие мамандықтар тізіміндегі кез келген жұмыс орнына мамандығы бойынша біліктілік анықтамасының негізінде үш айдың ішінде өздігінен жұмысқа орналаса алады. Шетел маманы оның біліктілік деңгейін растайтын білімі, жұмыс өтілі, тәжірибесі және т.б. көрсетілетін балдық жүйе бойынша белгілі бір бағаға ие болады. Ол еңбек келісімшартында көрсетілген мерзімге жұмысқа тұра алады, бірақ бұл мерзім үш жылдан аспауы тиіс», - деп атап айтты Ақмади Сарбасов. Оның айтуынша, елге кірудің басты шарты – шетел маманының білім мен біліктілік деңгейінің жоғарылығы болып табылады.

Сонымен қатар ол 2017 жылғы қаңтардан бастап ШЖК тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат беру шаралары қайта қарастырылатынын мәлімдеді.

«Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұранысты, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы ШЖК пайдалану тиімділігін бағалау мен еңбек ресурстары есебінен жұмыс күші сұранысын қанағаттандыруды ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай берілетін болады. ШЖК тарту квотасы еңбек миграциясы мен еңбек ететін мигранттарды әлеуметтік қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы ҚР ратификациялаған халықаралық келісім шарттар болған жағдайда беріледі. Жеке тұлғаларға қызмет ету мақсатында еңбек мигранттарын тарту квотасын (үй шаруашылығында қызмет көрсету/еңбек ету) ҚР ІІМ келер жылғы сұраныс болжамына сай жасайтын болады», - деп түсіндірді Ақмади Сарбасов.

Сонымен бірге, келесі жылдан бастап ШЖК тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейтін болады. Оның көлемі шақырылатын жұмыскерлердің санаты мен жұмыс істейтін саласына қарай сараланбақ.

Ішкі корпоративтік ауысулар рәсімдерін жеңілдету ісі Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, көші-қон саясатын жетілдірудің жоғарыда ұсынылған шаралары еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсіміне ықпал етеді.




Яндекс.Метрика