Білім беру

«Нұрлы жол»: Алматы облысында 300 орындық мектеп ашылды (ФОТО)

Қарасай ауданы, Үштерек ауылында 300 орындық мектеп ашылды, деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.
Алматы 28 Желтоксан, 16:17

 Бұл білім мекемесі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып, оның құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен 897 млн. теңге бөлінді.

Мектеп директоры Анар Айдымбаеваның айтуынша, мектепте балалардың озат оқып, жақсы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған.

Мұнда 4 лингафонды-мультимедиялық кабинет, физика, химия, биология, информатика, спортзал, шеберхана, 100 орынды асхана, 72 орынды мәжіліс залы, 104 компьютермен жабдықталған кітапхана бар.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, Үштерек ауылында бұған дейін тек бастауыш мектеп болған. Онда балалар үш ауысыммен оқытылып, орта және жоғары сынып оқушылары Үшқоңыр ауылына қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді ауыл балалары сыртқа сабылмай, Үштеректегі салынған жаңа мектепте оқитын болды.

Білім беру мекемесінің жалпы алаңы 5236 шаршы метр, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін 603» ЖШС 2015 жылдың мамыр айында бастаған.

 





Яндекс.Метрика