Парламент

Қазақстанда коллекторлық агенттіктер ресми мәртебеге ие болады

Ұлттық банк қазақстандықтарды күмәнді ұйымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін коллекторлардың әрекеттерін бақылауға міндеттенеді, деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы қаралған ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы барысында.
Нұр-Сұлтан28 Желтоксан , 12:03

Мемлекет бұрын коллекторлық агенттіктерді (қарыздарды қайтару жөніндегі ұйымдар) реттемеген. Жылжымайтын мүлік пен бизнестен айыру үшін коллекторлардың функцияларын пайдалану жағдайлары орын алған болатын.

«Сотқа дейінгі медиация тетігі ретінде коллекторлық қызметтің ресми мәртебесін енгізіп, реттеу коллекторлар туралы қалыптасқан теріс пікірді өзгерте алады. Заң жобасында коллекторлық агенттіктің қарызгермен өзара іс-қимылының толық тәртібі мен қағидалары айқындалған. Тікелей шектеулер көзделеді. Бір күн ішінде 1 рет жеке қарым-қатынас жасауға және телефон арқылы үш рет сөйлесуге ғана рұқсат етіледі. Өзара іс-қимыл жасау уақытын қарызгер өзі таңдайды. Мереке күндері кез келген жеке қарым-қатынас жасауға тыйым салынады, ал демалыс күндері өзара іс-қимыл жасау уақыты жұмыс күндерінен 6 сағатқа қысқа болады. Заң жобасы коллекторлық агенттіктерді қарызгерлермен аудио және бейне тіркеу жүргізуге және дербес ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейді. Сонымен бірге заң жобасы өзінің кредиторымен және коллекторлық агенттікпен байланысқа шығуы тиіс қарызгердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздейді», - деп мәлімдеді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысының айтуы бойынша, шетелдік тәжірибе коллекторлық қызметті реттеу қажеттігін көрсетеді. Ұсынылған заң жобасында коллекторлық агенттіктің қарызгермен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің тізбесі айқындалған. Көрсетілген тізбенің шеңберінен тыс шығатын әрекеттерге тыйым салынады, ал олардың жасалуы үшін әкімшілік және қылмыстық тәртіппен жауапқа тартылады. Данияр Ақышев коллекторларды міндетті тіркеуді және Ұлттық банк тарапынан бақылауды аса маңызды деп санайды.

«Осы секторда мінсіз беделі бар қызметкерлерді қабылдайтын ресурстары бар компаниялар жұмыс істеуі қажет. Ұлттық банк осының барлығын бақылайды. Әкімшілік жауапкершілік белгіленген, айыппұлдар бар. Жүйелі бұзушылық орын алған жағдайда ұйым тізілімнен алынып, осы нарықта қызметін жүзеге асыра алмайды. Оған қоса, біз айыппұл түрінде немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде коллекторлардың қылмыстық жауапкершілігін көздедік», - деп қосты Д. Ақышев.

Заң жобасының негізгі міндеттеріне: коллекторлық қызметтер нарығын дамыту, қарызгерлер мен кредиторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, коллекторлық агенттіктер қызметінің ашықтығын арттыру, қарыздарды өндіріп алу бойынша жұмыстағы тиімділік пен қауіпсіздікті арттыру жатады.

Депутаттар заң жобасын қолдап, оны бірінші оқылымында мақұлдады. 




Яндекс.Метрика