Парламент

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үйдің ай сайынғы төлемі өңірлер үшін 116 мың теңгені құрайды

ҚР ұлттық экономика вице-министрі Айдар Арифханов Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үйдің ай сайынғы төлемінің құны жөнінде хабарлады.
Нұр-Сұлтан26 Желтоксан , 13:47

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірледік. Бағдарламаның басым бағыттары: біріншіден,ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несиелендіруді қолдау; екіншіден, бір бөлігін өтеу арқылы жеке құрылысшыларды ынталандыру; үшіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салым салушылары мен әкімдіктегі кезекте тұрғандар үшін несиелік тұрғын үй құрылысы көлемдерін ұлғайту; төртіншіден, халықтың анағұрлым осал топтары үшін сатып алусыз жалға берілетін өңірлік тұрғын үй қорын құру болып табылады», - деді А. Арифханов.

Вице-министрдің айтуы бойынша, ипотекалық несиелендіру нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға бастапқы тұрғын үй сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халық сұранысын ынталандыру көзделеді.

Вице-министр атап өткендей, бүгінгі күні 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 10 млрд теңге көзделген, бұл 120 млрд теңгеге дейінгі сомаға жеңілдікті ипотекалық несиелер беруге мүмкіндік береді.

Субсидиялар бойынша қаражатты тиімді пайдалану үшін 15 жыл мерзіміне дейін Астана және Алматы қалаларында 20 млн теңгеге дейін, өңірлерде 15 млн теңгеге дейін халыққа несие берудің бастапқы сомасы белгіленеді.

Оның айтуы бойынша, осы шарттарда несие бойынша ай сайынғы орташа төлем Астана және Алматы қалаларында - 158 мың теңге және өңірлерде - 116 мың теңге, яғни төмендеу 30% құрайды.

«Осы жағдайда алынатын тұрғын үйдің орташа ауданына (70 шаршы метр) сүйене отырып жүргізілген есеп Астана және Адматы қалаларында - 300 мың теңге және өңірлерде 220 мың теңге екенін атап өту қажет», - деді А. Арифханов.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика