Адами капитал

2016 жылы 392 ақтөбелік «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты

2016 жылы 392 ақтөбелік «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе26 Желтоксан , 11:37

Ақтөбе облысы халқының 25 пайызын жастар құрайды. 2016 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 566 млн.теңге бөлінді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.

«Мемлекет басшысы қазақстандық жастардың дамыған өзге елдердегі қатарластарынан қалыспауы тиіс. Жастардың тәрбиеленуіне, дамуына, оқуы мен жұмысқа орналасуына және басқа да әлеуметтік қолдауларға қыруар қаржы бөлінеді. Мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру үшін жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бізге жүйелі жұмыс қажет», - деді облыс әкімі әрі кеңес төрағасы Бердібек Сапарбаев.

Өңірдегі жастардың жалпы жұмыссыздық деңгейі 3,4% аспайды. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» басғдарламасы бойынша 8000 адам жұмысқа орналастырылды, 2200 астамы жастар тәжірибесіне жіберілді. 209 жас өз ісін ашып, кәсібін дөңгелету үшін шағын несие алды. 392 адам «Дипломмен ауылға» жобасына қатысты. Өңір басшысының бастамасымен «Жасыл ел» жобасының жұмыс тәртібін жыл сайын өткізу де жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыссыз жастарды анықтау шаралары жүргізілуде. Осылайша облыстағы 95 ауылдық округте жұмыссыздарды анықтау мақсатында тұрғындардың үйлерін аралап, жұмыспен қамтудың мемлекеттік іс-шаралары жүргізілді, кейбіреулеріне колледждерде оқу үшін көмек көрсетілді.

Жыл басынан бері 234 жас отбасыға пәтер берілді. Өңір басшысы баспанаға қол жеткізу, сонымен қатар жұмыспен қамту және бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыруға байланысты мәселелердің 2017 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда өзекті әрі басым болып қала беретінін атап өтті.

Бердібек Сапарбаев жоғары және арнаулы орта оқу орындары түлектерінің, сонымен қатар оқуын жалғастыра алмағандарды жұмысқа орналастыруға бақылауды күшейтуді тапсырды. 2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы ЖОО түлектерінің 70%, техникалық және кәсіби оқу орындарын бітірушілердің 69,6% жұмысқа орналасқан.

Облыс әкімі ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда жастарды ынталандыру, «білім-ғылым-өндіріс» байланысын күшейту, жастар бастамасын қолдау, жұмысшы жастарды қоғамдық қызметтерге тарту бойынша бірқатар тапсырмаларды айтты.

Айта кетейік, 2016 жылы өңірде жастардың маңызды еңбектерін елеп, ынталандыруда қомақты іс-шаралар қабылданды. Соның ішінде, қоғамдық қызметтерді жемісті атқарғаны үшін алғаш рет облыс әкімінің «Жылдың үздік спортшысы», «Үздік жас жұмысшы» және т.б. секілді 25 аталым бойынша «Жас Ақтөбе» бәйгесі тағайындалды. Шығармашылықпен айналысатын жастарды қолдау мақсатында «Жас жазушылар» клубы, ал ғылыми қызметтерін көтермелеу үшін жас ғалымдар кеңесі құрылды. Өңірде барлығы 30 жастар қоғамдық ұйымы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап студент жастар үшін қосымша гранттар мен шәкіртақылар бөлу жоспарлануда.




Яндекс.Метрика