Адами капитал

Павлодар облысында қарт адамдарға арналған геронтологиялық орталық ашу жоспарлануда

Павлодар облысында қарт адамдарға кешенді қызметтер ұсынатын геронтологиялық орталық ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деді облыс әкімі ардагерлер ұйымдарының белсенді мүшелерімен кездесу барысында.
Павлодар24 Желтоксан , 10:43

Облыс әкімі хабарлағандай, кездесу барысында 2016 жылы атқарылған жұмыстар мен келесі жылға жоспарланған іс-шаралар талқыланды.
Достық үйінде өткен кездесуде Болат Бақауов 2016 жылы белсенділік танытқандары үшін зейнеткерлерге  алғысын білдірді. Аймақ басшысы, сондай-ақ, ардагерлерді толғандырып жүрген мәселелердің шешілетінін атап айтты.

"Облыс орталығында орналасқан «Ардагерлер үйі» мен «Денсаулық» орталығында ардагерлерге сауықтыру қызметтері ұсынылады. Өздеріңізге мәлім, зейнеткерлерге санаторлық-шипажайлық қызметтер көрсету қолданыстағы заңнамамен қарастырылмаған, біз бұл мәселені мүмкіндігінше мемлекеттік-жеке серіктестік аясында шешетін боламыз", - деді ол.    
Қарттарды «Черноярская жемчужина» демалыс базасына жолдау жоспарланып отыр. Қазір демалыс орнының иелері ардагерлерге қажет жағдай жасау үстінде. Ол жерде зейнеткерлерге дәмді тағамдар мен спа-қызметтер ұсынады, тұзды шахтаға апарады.    
Облыс әкімі қарттардың өмір сапасын арттыруға, аға буынның әлеуетін ашуға бағытталған өңірлік бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, қарт адамдарға кешенді қызметтер ұсынатын геронтологиялық орталық ашу мүмкіндігі қарастырылатынын атап айтты.

Бірнеше павлодарлық зейнеткерге Болат Бақауов скандинавиялық  жүріске арналған таяқтар табыстады. Аймақ басшысы мұндай ерекше сыйлық сыйлауына қалада осыған ұқсас спорттық құралдармен жүрген егде әйелдерді көргені себеп болғанын айтты.
Аймақ басшысы ерекше белсенді зейнеткерлерге құрмет грамоталарын табыс етті. Қалалық және аудандық ардагерлер ұйымдарына қажетті ұйымдастыру техникасы табысталды.

 




Яндекс.Метрика