Өңірлер

Алматы облысында майлы дақыл өңдейтін зауыт ашылды (ФОТО)

Облыс әкімі Амандық Баталов Алакөл ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «25 жылдыққа – 25 кәсіпорын» акциясының аясында «Алакөл – Нан» ЖШС-ның майлы дақылдар өңдейтін зауытын салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы 22 Желтоксан, 17:26

Майлы дақылдардың барлық түрлерін өңдейтін зауыттың жалпы құны 450 млн. теңге, оның ішінде 130 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Жобаның жалпы қуаттылығы тәулігіне 40 тонна майлы дақылдарды өңдейді.

«Елімізде өсірілетін сояның 95 пайызы Алматы облысында өседі. Өңірімізде соя  өңдейтін төрт зауыт бар. Бұл – бесіншісі. Елбасы елді мекендерде аса ауқымды болмаса да осындай 30-50 адамды жұмыс орнымен қамтитын шағын зауыттарды іске қосу қажеттігін тапсырған болатын. Сондықтан мұндай кәсіпорындардың санын әлі де көбейтетін боламыз», - деді Облыс әкімі А. Баталов зауыттың ашылу салтанатында.

 Соя өсіретін шаруа қожалықтарының айтуынша, бұған дейін өсірген өнімдерін өткізетін орын табу қиындық тудыратын және өткізген күннің өзінде арзанға кететін. Ал жаңа ашылған бұл зауыт диқандардан өнімді 1 тоннасын 140 мың теңгеден қабылдайды. Бұл шаруалар үшін де аса тиімді болып отыр.  

 «Ауылымызда май зауыты ашылғаны жергілікті тұрғындарға қолайлы болды. Осы зауытта 32 адам тұрақты жұмыс тауып отырмыз. Жалақымыз 100 мың теңге көлемінде. Кәсіпорындар көбейген сайын халықтың да тұрмыс жағдайы жақсара түседі. Сондықтан бұл – біз үшін аса үлкен оқиға», - деді Зауыт технологы Олжас Батырханов.

Осы сапарында облыс басшысы А. Баталов «Агример – Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің соя қабылдау пункті жұмысымен де танысып қайтты.





Яндекс.Метрика