Энергетика

Алматы облысында қуаттылығы 17 МВт шағын ГЭС іске қосылды (ФОТО)

Алматы облысында Сарқан ауданының Лепсі өзенінде орналасқан қуаттылығы 17 МВт шағын ГЭС-2 салтанатты іске қосу рәсімі өтті.
Алматы 30 Қараша, 16:09

Нысанның ашылуында А. Баталов Қазақстандағы тау суларының гидроэнергетикалық қорының 65%-ы Алматы облысында екенін тілге тиек етіп,  облыста су және жел энергетикасын дамытудың арнайы бағдарламасы әзірленгенін, соның аясында жаңа ГЭС ашылып отырғанын атап өтті.

«Осы ГЭС-ті іске қосудың нәтижесінде өңірдегі электр энерегиясының тапшылығы сағатына 68 млн кВт-қа азайды. Бұл өте маңызды жетістік, дегенмен, меже емес. Қазіргі кезде Қора өзенінде қуаттылығы 26-дан 29 МВт-қа дейінгі тағы 3 ГЭС-тің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса тағы бірнеше нысанның құрылысы жоспарланған. Мұның барлығы өзіміз өндіретін электр энергиясының тапшылығын азайтып, облыстың электр қуаты үшін сыртқа тәуелді болмауына және жаңартылған энергия көздерін дамытуға ықпал етпек. Сонымен қатар компаниялар жоспарлап, салған ГЭС-тар «ЭКСПО - 2017» көрмесіндегі «Қазақстан» павильонынан көрнекті орын алатын болады, - деді А. Баталов құттықтау сөзінің соңында.

Нысанның салтанатты ашылуынан кейін қатысушылар жаңа ГЭС ғимаратының ішін аралап көріп, жаңа үлгідегі нысанның жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысты.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, Сарқан ауданы Лепсі өзеніндегі шағын ГЭС-2 жылына орта есеппен 67,78 млн кВт/сағ. электр энергиясын өндіреді. Құрылыстың сметалық құны 4,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2014 жылдың тамыз айында басталған. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 





Яндекс.Метрика