Парламент

Мәжіліс дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламентінің Мәжілісі пленарлық отырыс барысында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылуында мақұлдады.
Астана қаласы30 Қараша , 11:49

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген және Үкіметтің ағымдағы жылға арналған жұмыстарының жоспарында көзделген. Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізудің құқықтық негіздері, сондай-ақ ақпараттың адамның жеке басын анықтау және (немесе) растау мақсатында қолданылуы айқындалады», - деп хабарлады ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов депутаттарды заң жобасымен таныстыру кезінде.

Оның айтуы бойынша, Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуді енгізу қажеттілігі, ең алдымен, халықаралық практика мен халықаралық стандарттарға байланысты.

«12-16 жастағы балалар төлқұжат алу кезінде олардың келісімімен ғана дактилоскопияланады. 12 жастан кіші балалар тіркеуге жатпайды. Шетел азаматтары ішінен міндетті дактилоскопиялық тіркеуге, біріншіден, біздің заңнаманы бұзған және ел аумағынан шығарылуға жататын адамдар, екіншіден, Қазақстанға кіру үшін визалар алатын шетелдіктер жатады. Сондай-ақ, дактилоскопиялық тіркеу ҚР-да тұруға ықтиярхатты, босқын куәлігін алуға үміткер шетелдіктерге де көзделеді. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау ішкі істер органдарына жүктеледі. Барлық ақпарат ІІМ қорғалған дерекқорында сақталады, бұл оған рұқсатсыз қолжетімділік пен оны заңсыз пайдалануға жол бермейді», - деп атап өтті ол.

Оның айтуы бойынша, заң жобасының іске асырылуы шығынды және техникалық күрделі болып табылады, сондықтан оны қолданысқа енгізу барлық қажетті дайындық іс-шаралары жүргізілгеннен кейін 2021 жылға жоспарланған.

Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынды. 




Яндекс.Метрика