Инновациялар

Қазақстанның оқушылары ғарыш қалдықтарын жинау жобасы үшін жүлдеге ие болды

Нью-Дели қаласында (Үндістан) Дүниежүзілік робот олимпиадасы өтті (Word Robot Olympiad – WRO-2016), онда Қазақстанның ұлттық құрамасы ең жасампаз жобасы үшін жүлдеге ие болды, деп хабарлады ҚР БҒМ.
Әлемде30 Қараша , 09:56

Олимпиадада 54 мемлекеттен (АҚШ, Германия, Ресей, Қытай, Тайланд, Корея, Жапония, Малайзия, Беларусь, Армения, Венгрия, Канада, Бразилия, Мексика, Австралия, Египет, Сирия және т.б.) 2000-нан аса команда қатысты. WRO-ға біздің елімізден робот техникасы бойынша жалпы орта білім беретін және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 16 оқушысынан құралған құрама команда қатысты (құрама команда тізімі қоса беріледі).

Үш күнге созылған жарыстың нәтижесінде «Жер маңы орбитасындағы ғарыш қалдықтарын жоюға арналған роботтандырылған орбитальді станциясы» жобасы WRO «Creativity Award» атты беделді жүлдені иеленді. Аталған жоба жарысқа ұсынылған жобалардың ішінен ең жасампаз және инновациялық жоба ретінде танылды.

Станцияның прототипін Талдықорған қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 және 10 сынып оқушылары Талғат Бек және Анатолий Алексеев әзірледі. Жобаның прототипіне сәйкес, роботтандырылған серік зымырантасығыш арқылы жер орбитасына шығарылып, қажетті жылдамдыққа жеткізіледі. Арнаулы құрылғы арқылы ғарыш қоқысын анықтаған робот, осы қалдық объектісіне қарай қозғалып, қапсырғыш тетік (қолшатыр үлгісіндегі құрылғы) арқылы қоқысты ұстап алады. Қоқысты ұстаған робот өз жылдамдығын бәсеңдетіп, арнаулы қозғалтқыш арқылы күнге қарай бағыт алады. Содан кейін ол жарық сезгіш тетіктерінің көмегімен күнге қарай бұрылып, қосымша үдеу бере отырып қоқысты сол бағытқа жібереді. Робот ғарыш кеңістігін қоқыстан осындай тәсілмен тазартады.

Қазақстан құрамасы WRO-2016 жарысында жеті категория бойынша байқауға түсті: Regular Junior High, Regular Senior High, Open Elementary, Open Junior High, Open Senior High, Advanced Robotics Challenge, Football.

Сондай-ақ, біздің құрама команда өзге де қызықты жобаларды ұсынды. Соның бірі «Eco House» қоқысты қайта өңдеу станциясы. Жобаның авторлары – Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушылары Ақжан Еркін мен Ескендір Жүсіп. Оқушылар тұрғын үйдің жертөлесінде орнатылатын қоқысты қайта өңдеу станциясының прототипін жасады. Үй тұрғындары алдын ала сұрыпталған қоқысты робот прототипінің арнаулы бөлімдеріне тастайды. Қоқыс станцияның сәйкес бөлімдеріне – тығыздау құрылғысы, био қалдықтарды өңдеу құрылғысы, жану резервуары және генераторға түседі. Станция био қалдықтар мен қоқысты жану камерасы үшін қайта өңдейді. Осының барысында тұрғын үйді жылытуға қажетті жанғыш зат қосымша пайда болады.

Келесі «Қоқысты сұрыптау кешені» жобасының авторлары Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушылары Сұлтан Насыров мен Алдияр Жанғұлов. Аталған кешен 5 фракция бойынша қоқысты іріктейді: металл, қағаз, био қалдықтар, алюминий және пластик. Кешен металды магнит арқылы, қағазды жел күшімен, алюминийді электр тоғымен, био қалдықтарды робот қолымен сұрыптайды. Әрбір қалдық түрі тасымалдау және қайта өңдеу мақсатында жеке контейнерлерде жиналады. Био қалдықтар вермикультивация жолымен тыңайтқышқа айналады. Бұл тыңайтқышты дәнді дақылдарды өсіруге пайдалануға болады. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер шығынын қысқартып, кешенді жылытуға арналған био газды өндіру мүмкіндігі де қарастырылады.

Осы жетістіктер біздің елімізде робот техникасы саласын дамытудың қажеттілігін тағы да көрсетті: Қазақстан және дарынды қазақстандық балалар дүниежүзін бағындыру жолында. 




Яндекс.Метрика