Халықаралық интеграция

Греция ҚР-ның этносаралық келісім жасау тәжірибесіне мүдделі

2016 жылғы 25-26 қарашада Қазақстан Республикасының Грециядағы Елшісі Алексей Волков көлемі жағынан Элладаның екінші қаласы – Салоникиде болды.
Әлемде 30 Қараша, 09:16

ҚР СІМ хабарлағандай, елшінің өңірлік және қалалық билік өкілдерімен, соның ішінде Салоники қаласының мэрі Яннис Бутариспен, теңіз портының президенті Костас Мелльоспен, сондай-ақ Греция Парламентінің депутаты және Грецияның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Маркос Болариспен кездесуі барысында А. Волков тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қол жеткізілген еліміздің негізгі жетістіктері туралы айтып берді.

Елші Грециядан тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың үлкен нарығына ілгерілету үшін Қазақстан өңірлерінің тартымдылығына, сондай-ақ экономикалық әлеует пен инвестициялық климатқа ерекше көңіл бөлді.

Грек саясаткерлері мен кәсіпкерлері Астананың әлемдік саясаттағы және қауіпсіздік мәселесіндегі жетістіктерін атап өтіп, 2017 жылғы ақпанда Салоники қаласында алғашқы «Дін өкілдері диалогын» өткізуге дайындалып жатқанын және Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім жасау бойынша тәжірибесін қажет ететінін хабарлады.

Сондай-ақ, Солтүстік Греция мен қазақстандық өңірлер арасындағы институционалдық байланыстарды дамыту мәселелері, соның ішінде білім беру саласымен байланысты мәселелер талқыланды.

Сапар барысында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне жеке туристік және энергетикалық компаниялар тартылды. 





Яндекс.Метрика