Инновациялық Қазақстан - 2020 мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстанның Бірыңғай байланыс орталығына 5 жыл

Қазақстан Республикасының 1414 бірыңғай байланыс орталығы 5 жыл бойы азаматтарға мемлекеттік қызметтер бойынша тәулігіне 24 сағат тегін қызмет көрсетіп келеді. Ол 2011 жылғы 29 қарашада «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электрондық үкімет байланыс орталығының негізінде құрылған.
Астана қаласы 29 Қараша, 20:41

2011 жылы не бары 30 қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда орталық операторлары халыққа 736 мемлекеттік қызмет бойынша консультациялар көрсетеді, деп хабарлады ұлттық компания.

Байланыс орталығына хабарласатын азаматтардың басым көпшілігі төлқұжат, жеке және жүргізуші куәлігін алу, мекенжай туралы анықтаманы алу, сонымен қатар баланың дүниеге келуі мен күтіміне  байланысты жәрдемақыны рәсімдеу сұрақтары бойынша хабарласады.

Байланыс орталығының директоры Анар Ұлманованың айтуы бойынша, «ББО бастапқыда қарапайым байланыс орталығы болған. Ал қазіргі уақытта азаматтармен қарым-қатынас орнатудың қосымша арналары бар. Енді мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтар бойынша 1414.kz сайты, электрондық пошта және виртуалды онлайн-көмекшілер арқылы хабарласуға болады.

Бірыңғай байланыс орталығы халықаралық стандарттарға сәйкес EN 15838 сертификатының иесі, WSIS PROJECT PRIZES 2016 халықаралық конкурсының жеңімпазы (Женевада өткен). Аталған жетістіктер консультациялық қызметтердің жоғары сапада көрсетілетінін мойындатады, әрі халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес тұтынушыларға қызмет көрсету процестердің жүйеге қойылғандығын дәлелдейді.

ББО мамандары күніне 10-15 мың өтінім өңдейді. 2015 жылы түскен өтінімдердің жалпы саны 3,6 млн құраса, ал 2016 жылдың 10 айында өтінімдер саны 3,7 млн құраған.

Орталықта 127 оператор, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі  жандар жұмыс істейді, қызметкерлер үшін жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Операторлардың орташа жасы  - 25.

Жұмысқа қабылдау алдында операторлар сұхбаттасудан өтеді, бұл кезде дикциялары, күйзелістік жағдайларда сабырлық сақтауы, мемлекеттік тіл бойынша білімі тексеріледі. Сұхбаттасу сәтті аяқталған жағдайда үміткерлер бір аптадан үш аптаға дейін оқыту курстарынан қатысып, нәтижесінде тест тапсырады. Естеріңізге салсақ, операторлар тәжірибесі мен біліктілігіне қарай 3 категорияға бөлінеді.

Кеңесшілердің (консультанттар) жұмысы нәтижелі болу үшін олар ауысымдарға, топтарға және жобаларға бөлінеді, біліктіліктерін арттыру үшін мемлекеттік қызметтерге қатысты барлық сұрақтар бойынша үнемі оқыту курстары ұйымдастырылады. Операторлардың білімдерін арттыру жолында 6 супервайзер және 18 әдіскер жұмыс жасайды. Ай, тоқсан, жыл сайын байланыс орталығының үздік мамандары анықталады.

Естеріңізге салсақ, еліміздің кез келген жерінен және кез келген телефоннан тәулік бойы тегін жұмыс істейтін 1414 нөміріне хабарласу арқылы мемлекеттік қызметтер бойынша консультация алуға болады. 





Яндекс.Метрика