Халықаралық интеграция

Қарағанды облысы германиялық инвесторлармен ынтымақтастық жасауға мүдделі

Қарағанды облысы германиялық инвесторлармен ынтымақтастық жасауға мүдделі, деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Германия Федерациялық Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшісі Рольф Мафаэлмен кездесу барысында.
Қарағанды29 Қараша , 19:14

Аймақ басшысы Елшіге Қарағанды облысының Германиямен әріптестік қарым-қатынас орнату бағытындағы жұмыстары туралы баяндады. Облыс әкімі жыл басынан бері тауар айналымы 45 миллион долларды құрағанын, оның көп бөлігі импорт арқылы келетіндігін баяндады. Экспортталатын тауарлар қатарында сутегі, инертті газдар бар. 

«Екіжақты қарым-қатынастар тәжірибесі Германияның сенімді серіктес әрі тұрақты инвестор екендігін аңғартады. Біз германдық инвесторлардың бізге жаңа технологиялар әкеліп, біздің қазба байлықтарымызды өндіруге атсалысуына мүдделіміз», - деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Германиялық әріптестердің қатысуымен облыста бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы арматура және қапталған құбыр шығаратын зауыт та бар. 

Өз кезегінде неміс елшісі Қарағанды облысы Еуроодақ елдерінің қызығушылығын оятқан экономикалық аймақ екендігін атап өтті:

«Қарағанды облысының экономикалық әлеуеті мен бұл жерде этникалық немістердің көп болуы, бізге әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.

Облыс әкімі неміс инвесторларын әріптестікке шақырды және білім және мәдениет саласында тәжірибе алмасуды ұсынды.

Аймақ басшысы дәл осы ұсынысты Молдова Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Думитру Брагишеммен кездесуінде де айтты.

Облыс аумағында Молдава Республикасының кәсіпкерлерінің қатысуымен 5 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Олар құрылыс, ауылшаруашылығы, сауда, қайыра өңдеу және жылжымайтын мүлік нарығында танылған.

«Инвесторларға жасалған тиімді жағдайлар, шикізат қорының көп болуы, біздің облысымыздың географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы – аймағымызға инвестиция тарту үшін оң жайдайды қалыптастырды. Мен екіжақты қарым-қатынас орнатуда және әріптестікті дамытуда өзіндік мүдте болатынын білемін. Сіздері біздің экономикамыздың түрлі саласында бірлесіп еңбек етуге шақырамын», - деді Қарағанды облысының әкімі Молдавия Республикасының елшісіне.




Яндекс.Метрика