Халықаралық интеграция

Бауырлас халықтар байланысының тарихи тамыры терең - Бекназаров

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Мехмет Акиф Хамзачебимен кездесті.
Астана қаласы 28 Қараша, 18:17

Сенатта хабарлағандай, әңгіме барысында Б. Бекназаров бауырлас халықтар байланысының тарихи тамыры терең екенін атап өтті. Сенат Төрағасының орынбасары Түркия біздің еліміздің тәуелсіздігін ресми таныған алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енгенін еске салды. Түрік делегациясының басшысы өз кезегінде қазақстандық депутаттарды және барша халқымызды Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады және біздің еліміздің жетістіктеріне жоғары баға берді.

Кездесуге қатысушылар өзара түсіністік пен екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы екі мемлекеттің басшылары Н.Ә. Назарбаев пен Р.Т. Эрдоганның үлестерін атап өтті. М.А. Хамзачеби 2016 жылғы шілдедегі төңкеріс жасауға талпынудан кейін Түркияға келген шетелдік алғашқы мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев болғанына ерекше назар аударды.

Сенат Төрағасының орынбасары Б. Бекназаров Астананың халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін түрік тарапына алғыс айтты, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымындағы Қазақстанның негізгі жоспарлары туралы мейманды хабардар етті.

Мүдделі диалог барысында мемлекетаралық және парламентаралық өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері талқыланды.





Яндекс.Метрика