Халықаралық интеграция

Голландиялық компаниялар Қазақстанның индустриялық жобаларына қатысуға шақырды (ФОТО)

Амстердамда Корольдік Индустриялық клубында (Амстердам қ.) 100-ден астам голландиялық кәсіпкердің, қазақстан-нидерланд Іскерлік кеңесі мен «KAZNEX INVEST» агенттігі өкілдерінің қатысуымен Қазақстан күні атап өтілді.
Әлемде 24 Қараша, 17:34

Іс-шараны Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның Нидерландыдағы елшілігі ұйымдастырды.

Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Мағжан Ілиясов кездесуге қатысушыларды тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің қалыптасуы мен дамуындағы рөлімен, сондай-ақ Нидерландымен іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерімен таныстырып өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ. 

М. Ілиясов голландиялық компанияларды Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму жобаларына және инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасына белсенді қатысуды шақырды. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, сондай-ақ оның негізінде құрылатын Астана халықаралық қаржы орталығы аясында ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктері атап өтілді. 

Корольдік Индустриялық клубтың Орталық Азия және Кавказ елдерімен ынтымақтастық жөніндегі директоры Хелин Овер де Линден голландиялық кәсіпкерлердің Қазақстанмен экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуға деген қызығушылығының өсіп келе жатқанын атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның 25 жыл ішіндегі экономикалық және әлеуметтік даму қорытындыларын атап өтіп, өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылады.

Анықтама үшін: Корольдік Индустриялық клуб 1913 жылы құрылған; Нидерландыдағы ең көне қоғамдық бірлестік болып табылады. Клубтың мақсаты –  шет елдермен іскерлік байланысты дамыту, бизнесті жүргізуге жәрдемдесу және іскерлік қарым-қатынастарды реттеу.





Яндекс.Метрика