Қазақстанның Тәуелсіздігі

Алматы облысының шалғайда орналасқан 25 елді мекеніндегі тұрғындарға жылжымалы медициналық кешендер медициналық көмек көрсетпек

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 Жұлдызды күн» акциясы аясында Алматы облысында шалғайда орналасқан 25 елді мекенді қамтитын «Скрининг» шарасы басталды.
Алматы24 Қараша , 20:43

Акция шеңберінде Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінің алдына «Тәуелсіздікке 25 жыл», «25 жұлдызды шара» деген жазуы бар әдемі плакаттармен безендірілген 5 жылжымалы медициналық кешен арнайы әкелінді. Алғаш болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, мұндай алдын алу шараларының денсаулық сақтауда тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.

«Кәсіби маманданған қызметкерлер жергілікті жерлерге шығып заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсетеді, сонымен қатар скрининг және басқа да арнайы тексерулер қолжетімді түрде жүргізілетін болады», - деді А. Байдувалиев.

Еске сала кетейік, бүгінде Алматы облысының 1 981 700 тұрғынына 826 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Оларда  4 732 дәрігер мен 13 564 орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласының 2016 жылғы бюджеті 81,2 млрд. теңгені құрайды. Биылғы жылдың 9 айы ішінде облыстық  ауруханаларда 198 756 науқас емделіп шықты. Скринингтік тексерудің арқасында онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау 54,1% жетті. 




Яндекс.Метрика