Халықаралық интеграция

Қазақстан және Израиль денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде келісті (ФОТО)

Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтамақтастық жөніндегі комиссиясының 7-ші отырысы барысында Қазақстан және Израиль денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде келісті.
Астана қаласы 24 Қараша, 12:56

Комиссияны Қазақстан тарапынан Қазақтан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Израиль тарапынан Израиль Мемлекетінің Қоршаған ортаны қорғау және Иерусалим мен диаспора істері жөніндегі министрі Зеэв Элькин басқарды.

Комиссияның отырысы шеңберінде Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда, кәсіпкерлік пен инвестиция, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті және болашақ бағыттары, сондай-ақ Израиль Мемлекетінің Премьер-Министрі Б. Нетаньяхудың Қазақстан Республикасына сапары барысында екіжақты құжаттарды қол қоюға дайындау мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, отырыс барысында Тараптар өзара сауданың қазіргі күйі мен көлемін қарады және екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту маңыздылығы мен қажеттілігін бекітті.

Қаржы министрлігінде атап өткендей, 2016 жылдың 9 айы ішіндегі Қазақстанның Израильмен тауар айналымы көлемі 236,9 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 196,9 млн АҚШ долл., импорт – 40,0 млн АҚШ долл.), ол өз кезегінде 2015 жылғы ұқсас кезеңмен (239,9 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 1,3 %-ға аз (экспорт –
181,5 млн АҚШ долл., импорт – 58,4 млн АҚШ долл.).

Осыған байланысты, сауданы дамыту мақсатында Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен оның мүше мемлекеттері және Израиль Мемлекеті арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу бойынша келіссөздерді бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, атап айтқанда қазақстандық мамандардың Израильдің алдыңғы қатарлы медицина орталықтарында біліктілігін арттыру және Израиль мамандарының қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Израиль тарапы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты. «Үшқоңыр» тамшылатып суару бойынша Қазақстан-Израиль орталығын Халықаралық орталыққа айналдыру, сондай-ақ Қазақстанда демонстрациялық ферма құрылысы бойынша біріккен консорциумды құруға ерекше назар аударылды.

Экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық және израильдік компаниялар мен бизнес-делагациялардың сауда көрмелері мен іс-шараларға белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында екі тарап іскер орталар мен шешім қабылдау деңгейіндегі, оның ішінде үкімет өкілдері ішінен тұлғалардың 2017 жыл ішінде екі елде өтетін коммерциялық іс-шараларға белсенді қатысуына көмек көрсетуге келісті.





Яндекс.Метрика