Парламент

ҚР МСМ Қазақстан спортына арналған мемлекеттік бюджетті өлшемшарттар бойынша бөлуді ұсынды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бюджеттің үйлестіріліп бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізуді ұсынады. Бұл бастаманы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков ҚР Парламентінің Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасымен таныстыру кезінде айтты.
Нұр-Сұлтан24 Қараша , 12:38

Сәкен Мұсайбеков айтып өткендей, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дене шынықтыру және спорт саласын қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген.

«Бюджетті анықтау кезінде спорт түрлерін саралау өлшемшарттары ескеріледі. Саралау көрсеткіштерін анықтаудың негізгі өлшемшарттарына халықаралық жарыстардағы спорт жетістіктері, спорт түрінің ұлттық-мәдени «дәстүрлілігі», кадрлық әлеуеттің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы жатқызылады», - деді вице-министр.

Заң жобасында ҚР Бюджет кодексіне және «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Бюджет қаражатының спорт түрлері бойынша үйлестіріп бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу ұсынылады.

Министрлікте атап өткендей, көрсетілген заң жобасының қабылдануы мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына немесе мемлекеттік шығыстардың қысқаруына әкелмейді.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика