Парламент

Мәжіліс медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін ауыстыру туралы заң жобасын қабылдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыс барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Астана қаласы23 Қараша , 14:32

Заң жобасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін аударымдар мен жарналарды төлеу мерзімін өзгертуді, осыған байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барлық процестерінің іске қосылу мерзімін өзгертуді қарастырады.

«ҚР заң жобасы 2016 жылғы 9 қарашада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мақұлданды. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында комитет ҚР Бюджет кодексінің 53-бабы 1-тармағының 5-ші тармақшасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Түзетулер ҚР Үкіметіне қорытынды алу үшін жолданды», – деді депутат Зәуреш Аманжолова.

Осылайша, мемлекеттің қорға аударатын жарнасының мерзімін 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың Қорға төлейтін аударымдары мен жарналарының мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстыру жоспарлануда.

МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін Қордан төленетін ақы 2018 жылғы 1 қаңтардан басталады. Сондай-ақ, МӘМС жүйесіндегі жеке тұлғалардың «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 5,6, және 7 баптарында қарастырылған медициналық көмек алу мен денсаулық сақтау ұйымын таңдау құқықтары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Сонымен қатар, аталған заң жобасында «Білім туралы» ҚР Заңына интернат санатына жатпайтын орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау, яғни, емханаларға беру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады.

Еске сала кетейік, 2015 жылғы 16 қарашада ҚР Президенті «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. 




Яндекс.Метрика