Парламент

Мәжіліс депутаттары 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады

ҚР Парламентінің Мәжілісі «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына ҚР Парламентінің Сенаты енгізген түзетулермен келісті.
Астана қаласы23 Қараша , 13:52

«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ағымдағы жылғы 17 қарашада ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында қаралды. Сенат 27 түзету енгізді, оның ішінде бір түзету Алматының бюджеттік алым көлемінің азаюына орай бюджеттің кіріс бөлігінің 1,8 млрд теңгеге азаюына қатысты, 13 түзету Үкіметтің резерв қаражатын қысқарту есебінен 26 млрд теңге жалпы сомасына 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қайта бөлуге қатысты», - деді депутат Омархан Өксікбаев төменгі палатаның пленарлық отырысында.

Ол 13 түзету бөлінген қаражатты бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында қайта бөлумен, сондай-ақ заң жобасының мәтіндік бөлігіне енгізілетін өзгерістермен және толықтырулармен байланысты болғандықтан, 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жалпы көлеміне әсер етпейтінін атап өтті.

«Осылайша, Сенатта осы заң жобасын қарау барысында 2017 жылға 26 млрд теңге сомасында қаражат қайта бөлінді. Бұл қаражат сумен жабдықтау және газбен жабдықтау нысандарын салу, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы үшін инфрақұрылым өткізу сияқты тағы басқа басым міндеттерді шешуге қайта бағытталды», - деп қосты О. Өксікбаев.

Мәжіліс депутаттары ҚР Парламенті Сенатының осы заң жобасына енгізген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірауыздан келісті.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика