Адами капитал

Алматыда халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қаржылық қолдауға 6,2 млрд теңге бағытталған

Алматыда жергілікті бюджетті үнемдеу есебінен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына қаржылық қолдау көрсетіледі, бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының ХIX есеп беру-сайлау конференциясы барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек айтты.
Алматы қаласы23 Қараша , 11:23

Ол өзінің сөзінде қала бюджетін оңтайландыру арқасында дәрігерлерге, мұғалімдерге, тәрбиешілерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына сыйақы беру үшін қаржы бөлінгенін жеткізді. Алматыда 2016 жылы жергілікті бюджеттен 123 млрд. теңге үнемделген,яғни жолайрықтарын, құрылыс обьектілері мен Универсиаданы оңтайландыру барысында 60 млрд. теңге, МЖС аясындағы әлеуметтік обьектілер құрылыстары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен 56,5 млрд. теңге, мемлекеттік сатып алу есебінен 6,5 млрд. теңге.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жергілікті бюджет есебінен Алматы қаласының әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлері бір жалақы көлемінде, ал халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобындағы әр адамға 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайын төмендетпеуді, жұмыс орындарын құруды және сақтауды, халықтың табысын ынталандыруды тапсырды. Елбасының бұл міндеттері қалада ойдағыдай жүзеге асуда. Мысалы, жыл басынан бері қарай мемлекеттік және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақылары 30%-ға артты. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы үшін жергілікті бюджет есебінен жолақы тегін және мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер мен көп балалы аналар үшін жол жүру билеттері қалпына келтірілді. Көп балалы және жас отбасыларға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік бала бақшалардағы 2-5 жас аралығындағы балдырғандар үшін қаржы бөлінді.142 бала бақшалар, жеке коттедждер мен өзге нысандарда 5 мың орынды шағын орталықтар ашылды», - деді Б.Байбек.

Жалпы, сыйақы алатындар саны - 114,3 мың адам, қаржы көлемі – 6,2 млрд.теңге. Отбасының өзге де мүшелерін ескере отырып, сыйақы беруге 340 мың алматылық қамтылған: 1,2 топтағы 23,4 мың мүгедектерге берілетін сыйақы көлемі – 1,2 млрд.теңге; 4 мыңдай көпбалалы аналарға – 199,3 млн.теңге; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 4,9 мың отбасыларға – 243,7 млн.теңге; ҰОС кезінде аянбай еңбек еткен, ордендер және медальдармен мараптталған 19,2 мың адамға – 957,6 млн.теңге.

Қала басшысы мегаполис экономикасында оң динамика қалыптасқанын айтты. 2016 жылдың 9 айы ішінде Алматының ЖӨӨ 2,8%-ға көбейіп, бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 0,7%-ға артты. Жыл қорытындысы бойынша экономика 2%-ға өседі деп күтілуде. Қалада салық түсімі де біршама артып, 35,3 млрд. теңгеге немесе 114%-ға жетті (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда), бұған жеке ұйымдарда еңбек ақы қорының ұлғаюы арқасында (бірінші жартыжылдықта ғана – 92 млрд. теңге) қол жетті. Салықтың 80%-ын ЖТС және әлеуметтік салық құрайды.




Яндекс.Метрика