Халықаралық интеграция

Б. Сағынтаев: Қазақстан ЭЫДҰ-мен алдағы ынтымақтастық бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеуге дайын

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Парижде өтіп жатқан форумға қатысушыларға бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Нұр-Сұлтан22 Қараша , 19:54

Б. Сағынтаев Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері әлем қауымдастығы өкілдерінің алдында өзін сенімді, мықты экономикалық және саяси серіктес ретінде көрсеткенін атап өтті.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісіне сәйкес, екі жыл қатарынан ілгерінді реформаларды жүзеге асырудағы үздік орындаушы мәртебесін алған Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 35-ші орынға табан тіреді. Премьер-Министрдің айтуынша, бұл ҚР Үкіметінің іскерлік ахуал мен мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін құру идеяларына берілгендігін көрсетеді.

2015 жылы ЭЫДҰ Қазақстанды ынтымақтастықтың Елдік бағдарламасын іске қосу үшін үш серіктестің бірі ретінде таңдады, бұл біздің еліміздің әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену үшін ЭЫДҰ үздік практикаларын қолдануға ынтасын айқындайды.

ҚР Премьер-Министрі Елдік бағдарламаға қолдау ретінде, өткен жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметті жетілдіру, әділ сот жүйесін нығайту, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік модернизация және мемлекет ашықтығын арттыру секілді мемлекет дамуының көптеген аспектілерін қамтитын Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды ұсынғанын еске салды.

Б. Сағынтаев қысқа уақыт ішінде, ЭЫДҰ-ның Елдік бағдарламасын іске асыру бастау алғалы Қазақстанда институционалдық ортаны жақсартуға бағытталған 59 заң қабылданғанын атап өтті. Үкімет 2016 жылдың соңына қарай бағдарламаны іске асыруды аяқтауды жоспарлайды.   

Сонымен қоса, Б. Сағынтаев Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы әрі қарайғы ынтықмақтастықтың толық іс-қимыл жоспарын әзірлеуге Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді. Осы орайда Премьер-Министр форумның келесі кеңесін Қазақстанда өткізу ұсынысын білдірді.

Айта кету керек, «ЭЫДҰ-дағы Еуразия аптасы 2016» форумы Еуразия мемлекеттері мен ЭЫДҰ-ға қатысушы елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға жағдай жасау үшін және әлемдік қоғамдастықтың назарын өңірдің бәсекеге қабілеттігіне тікелей қатысты бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастығын нығайтуға аудару үшін өткізіледі.

 




Яндекс.Метрика