Үкімет

Қазақстандық құқық иелеріне тауар белгісінің заңсыз қолданылуына байланысты өтемақы төленетін болады

Әділет министрлігі тауар белгілерінің құқық иелеріне тауар белгісінің заңсыз қолданылуына байланысты өтемақы алу үшін сотқа жүгіну құқығын беруді ұсынды. Бұл жөнінде ҚР әділет министрі Марат Бекетаев ҚР Үкіметінің отырысы барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен таныстыру барысында айтты.
Астана қаласы22 Қараша , 13:06

Әділет министрлігі тауар белгісін тіркеу рәсімі, өнеркәсіптік меншік объектісіне патент беру сараптамалық ұйымда өтетін бір деңгейлі жүйе құруды ұсынады.

Министр атап өткендей, заң жобасының негізгі мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру, тіркеу рәсімін оңайлату және құқық иелерінің мүдделерін қорғау. Заң жобасында 12 заңнамалық актіге, соның ішінде Азаматтық, Салық, Кәсіпкерлік кодекстеріне түзетулер енгізу болжанады.

Біріншіден, сараптамалық ұйымға зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу жөніндегі өкілеттіктер беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру.

Екіншіден, тіркеу жөніндегі дауларды сотқа дейін қарау мүмкіндігін кеңейту.

Осыған орай, Апелляциялық кеңеске фирмалық атаулар мен тауар белгілерінің ұқсастығына қатысты, сондай-ақ тауар белгілерін агент атына тіркеу бойынша дауларды қарау жөніндегі қосымша өкілеттіктер беру ұсынылады.

Үшіншіден, заң жобасында тауар белгілерінің құқық иелеріне тауар белгісінің заңсыз қолданылуына байланысты өтемақы алу үшін сотқа жүгіну құқығын беру ұсынылады. Сонымен бірге, өтемақы тағайындау немесе іс жүзіндегі шығындарды өтеу туралы шешімді сот қабылдайды.  

Төртіншіден, заң жобасында тауар белгілерін тіркеуге арналған өтінімдерді олар сараптамаға түскен сәттен бастап, яғни тіркеу туралы шешім қабылданғанға дейін жариялау ұсынылады. Бұл өтініш берушілер мен басқа тауар белгілерінің иелері немесе олардың агенттері арасындағы дауларды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, заң жобасында өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған лицензиялық шарттарды тіркеу тәртібін оңайлатуға бағытталған түзетулер ұсынылады.

Осы түзетулер әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика