Қазақстанның Тәуелсіздігі

Қазақстан БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі ұсынымдарын әрдайым орындап келеді – ҚР Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ЮНИСЕФ-тің 70 жылдығына арналған «Балаға мейірлі Қазақстан» атты халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы21 Қараша , 17:46

Конференцияға Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшылары, алыс және таяу шетелдердің балалар омбудсмендері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде «Қазақстан-2050» стратегиясындағы Елбасының «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық, мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс» деген сөзін ескке салып өтті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы БҰҰ-ның «Бала құқықтары туралы» конвенциясына қосылған күннен бастап Қазақстан балалар құқықтарын қорғау жөнінде тиісті жұмыстарды күшейткеніне назар аударды. Еліміз БҰҰ-ның Балалар құқықтары жөніндегі комитеті берген ұсынымдарды әрдайым орындап келеді.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан балалар құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық 13 құжатты ратификациялады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құрылуы биылғы елеулі оқиға болып саналады. Бүгінде республикамызда 5 миллионнан астам бала бар. 2000 жылдан бастап өмірге келген балалар саны 1,4 есе артып, жылына 400 мың бала дүниеге келуде. Қазақстанда балалар құқығын қорғауға, оларға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Балаға мейірлі Қазақстан бұдан әрі қарай да әр бала үшін оның толыққанды дамуына тең мүмкіндік тудырып, болашағының жарқын болуына қолайлы жағдай қалыптастыруды жалғастыра беретіндігіне сенімдімін», – деді Мемлекеттік хатшы.

Конференция аясында шығармашылық байқаулар, ғылыми жарыстар мен әлеуметтік жобалар конкурстарының жеңімпазы атанған 500-ге жуық баланың қатысуымен Балалар мен жасөспірімдер фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, конференцияға қатысушыларға Қазақстанда жүргізілген Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу қорытындылары таныстырылып, балалар құқықтарының барлық негізгі аспектілеріне қатысты 12 бағыт бойынша тұрақты қолданыстағы тақырыптық алаңдар пайда болғаны жария етілді.

Конференция қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді.




Яндекс.Метрика