Парламент

Қ.Тоқаев: Қазақстандағы биоәралуандықты бәріміз қорғауымыз керек

Қазақстандағы биоәралуандықты бәріміз қорғауымыз керек, біздің еліміздің экологиясы мен табиғатын қорғау керек, деді Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттағы «Қазақстан Республикасында биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында.
Астана қаласы 18 Қараша, 18:39

Өзінің кіріспе сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әралуандықты сақтау әрбір мемлекеттің, әсіресе табиғи ресурстарға бай Қазақстан сияқты елдердің өте мұқият қорғауға жататын маңызды ұлттық мүдделерінің бірі екенін атап өтті. Біздің еліміз биоресурстардың әралуандығы және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің саны жағынан Орта Азия мемлекеттерінің арасында жетекші орын алады.

Қ.Тоқаев халықаралық қауымдастық жоғалып бара жатқан биологиялық әралуандық мәселесіне баса назар аударып отырғанын айтты. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы жаңа бағдарламаның басты бағыттарының бірі биологиялық алуантүрлілікті сақтау және оны жоғалтпаудың алдын алу мәселесіне арналған.

«Біз табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген халықаралық конвенцияларға қосылдық. Жуырда Парламент Сенаты қоршаған ортаға шығарылатын қоқыстарды қысқарту мен климаттың өзгеруін алдын-алуды нығайту жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын Париж келісімін ратификациялады», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Спикер біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиісті заңнамалық базасы қалыптасқанын еске салды. Экологиялық кодекс, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Радиациялық қауіпсіздік туралы» және басқа да заңдар қабылданған.

Сенат Төрағасы біздің еліміздегі жағымсыз көріністерге де назар аударды. Ғалымдардың пікірі бойынша, Қазақстанда соңғы он жылда еліміздің орман қоры тұтастай алғанда 10 пайызға, Алтай орманы 13 пайызға, Іле Алатауының тау бөктеріндегі алма бақтары төрттен бірге дерлік (25 пайызға) қысқарды. Су теңгерімінің бұзылуы, өзендердің ластануы Сырдария, Ертіс және Іле өзендерінің экологиялық жағдайларының нашарлауына әкеп соқтырып отыр.

Қазақстандағы биологиялық алуантүрлілікті сақтаудағы қабылданған іс-шаралардың жеткіліксіздігінен, Қ.Тоқаевтың айтуынша, жануарлардың және өсімдіктердің кейбір түрлерінің толығымен жойылып кету қауіпі төніп тұр.

«Ресми түрде омыртқалы жануарлардың 126 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі және өсімдіктердің 387 түрінің жойылып кету қаупі бар. Мысалы, өткен жылдың мамырында ақбөкендер санының 90 пайызға жуығы қырылып қалды. Бұл экологиялық апатқа пара-пар факт», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев тиісті мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін ғана ақбөкендердің жаппай қырылуының бастапқы себептерімен егжей-тегжейлі айналыса бастағанын еске салды.

Сенатор Дариға Назарбаева биоәралуандықты сақтауды бюджеттік қаржыландырудың шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, осы саладағы міндеттерді шешу аясында мемлекеттік органдардың, ғылыми-техникалық институттардың, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жауапкершілігін дәл анықтау туралы ұсыныс айтты.





Яндекс.Метрика