Адами капитал

Жетім балалар отбасын өздері таңдайтын болады – Мәжіліс депутаты (ФОТО)

Қазақстандағы жетім балалар отбасын өздері таңдай алатын болады. Бұл жөнінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Астанада өткен Бала асырап алушы ата-аналар мен тәлімгерлер форумы барысында хабарлады.
Астана қаласы 29 Қазан, 11:37

«Отбасына бала асырап алғысы келетін отбасыларды есепке алуды реттеумен қатар, балаларға да басымдық берілетін болады. Мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мәселені басқаша қойып отырмын. Енді отбасы балаларды емес, балалар отбасын таңдайтын болады», - деді З. Балиева.

Осы ретте, оның айтуы бойынша, баланы кемсітпей, қорламай, отбасын таңдау кезінде қиын жағдайға қоймай, оған таңдау құқығын қалайша дұрыс беру керектігі туралы ойлану қажет.  

«Әрине, біз балаларға отбасына келгеннен кейін олардың ережелерімен өмір сүру керектігін түсіндіруіміз қажет», - деп қосты депутат.

Ол бұрын Қазақстанның балалар үйлерінен шыққан балалардың 4%-ы ғана университеттерге түссе, қазіргі кезде 40%-ы жоғары білім алатынын атап өтті.  

Қазақстанда 29 660-тан астам бала қамқорлыққа, қорғаншылыққа алуды, асырап алуды қажет етеді. 21 мыңнан астам жетім бала отбасымен тұрады. 





Яндекс.Метрика