Басқару

Баспанаға қолжетімділік «Нұрлы жер» бағдарламасының басымдығы болуы керек– Айдын Құлсейітов

Алдағы жылы жүзеге асырылатын «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі концепциясын нақтылау қажет. Себебі бағдарламаның негізгі концепциясы түсініксіз. Бұл туралы Астанада «Нұрлы жер» тұрғын үй саясаты және оны жүзеге асыру тетіктері» тақырыбында өткен отырыста «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов айтты.
Астана қаласы28 Қазан , 17:54

«Мен бағдарламаның негізгі концепциясын түсінбедім. Қазіргі ақпаратқа сәйкес бағдарлама бойынша 1,5 млн тұрғын үй салу керек деген пікір қалыптасады. Егер экономикалық тұрғыдан қарасақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының алдына 3 айқын мақсат қою керек. Менің ойымша, Мемлекет басшысы осы бастамаларды меңзесе керек», - деді ол.

Оның пікірінше, аталған бағдарлама жүзеге асырылмас бұрын негізгі мақсатты айқындап алу қажет.

«Бірінші, халықтың әл-ауқатын көтеру. Бұл қолжетімді баспананың есебінен көрінеді. Өкінішке қарай, мен бағдарлама есебінен баспананың қаншалықты қолжетімді болатынына қатысты ешқандай цифр көрген жоқпын. Бүгінде Астанадағы 3 бөлмелі пәтердің құны (70-75 ш.м.) 20 млн теңге. Бұл девальвация мен елімізде соңғы болған оқиғалардан кейінгі баға. Егер статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, бұл сома 97 орташа айлық жалақыны құрайды. Бес жылдан кейін біз бағдарламаны жүзеге асырған уақытта бұл пәтерлердің бағасы өзгермей ме?

Екіншіден, аталған бағдарлама экономикаға қалай әсер етеді? Елімізде құрылыс көлемінің өсетіні белгілі. Бірақ, құрылыс материалдар секторы бағдарламада анық көрсетілмеген. Қазақстан құрылыс материалдарының 60-70%-ын өзі шығарады алады.

Үшіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба отандық экономикаға жан бітіреді. Бірақ, 10 жылда 1,5 млн тұрғын үй салынса, бизнес секторында тек жылжымайтын мүлік операциялары ғана жанданатын болады. Осы мәселелер ескерілуі қажет», - деп атап өтті басшы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы жобасының тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, аталған министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп жер телімін бөлу тетіктерін қарастыруда.

 

 




Яндекс.Метрика