Өңірлер

И.Тасмағамбетов Универсиада-2017 нысандарының әзірлігін бағалады (ФОТО)

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов алдағы Халықаралық студенттік сайыстардың өткізілуіне Алматы қаласы мен Алматы облысындағы нысандардың әзірлігін тексерді.
Алматы қаласы 28 Қазан, 14:32

Көшпелі кеңес барысында Иманғали Тасмағамбетов Алматыдағы Медеу ауданында орналасқан 3 мың орындық «Халық Арена» спорт кешеніне, Универсиада өтетін Атлетикалық қалашыққа, «Алматы Арена» мұз айдыны сарайына, «Сұңқар» ХШТК, «Медеу» мұз айдынына және «Шымбұлақ» тау шаңғы курортына барды. Сонымен қатар, «Табаған» спорт-сауықтыру кешені мен «Алатау» шаңғы биатлон кешенінің жаңғыртылуы және дайындық барысымен танысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Алда өтетін Универсиада объектілерінің әзірлігі туралы айта келе, вице-премьер спорттық сайыстарға объектілердің дайындық қарқынына көңілі толатындығын білдірді және бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Иманғали Тасмағамбетов мұндай ауқымды іс-шараның өткізілуі сайысты ұйымдастыру және барлық мүдделі құрылымдар мен ведомстволардың жұмысы тұрғысында егжей-тегжейлі қарауды қажет ететінін атады.

Иманғали Тасмағамбетов іс-шараны өткізу және сайыс қатысушыларын қабылдау аясында қала инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету қажеттігіне, сондай-ақ, Универсиада қонақтарының қауіпсіз және жайлы орналасуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударды. Бұл ретте ол көлік-логистикалық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету өте маңызды екенін көрсетті.

«Универсиаданың басталуына аз ғана уақыт қалды. Барлық кезеңдегі жұмыс жоғары деңгейде жүріп жатыр. Инфрақұрылым, қатысушыларды және қонақтарды қабылдауға байланысты ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, қауіпсіздік, энергетикалық жеткіліктілік пен көлік жүктемесін қоса есептегенде, халықаралық іс-шараның кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге қалалық қызметтердің толық әзір болуы өте маңызды. Ең бастысы, Алматыға ағылатын қонақтардың көптігін және спортшылардың, жаттықтырушылар штабы мен тілшілердің сайыс өтетін орынға және қонақжайларға барып-келуін есепке алғанда, бұл азаматтар үшін қолайсыздық туғызбауы тиіс», - деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов.

 





Яндекс.Метрика