Парламент

Қазақстанда жергілікті тұрғындардың жиналыстарында шетел азаматтарының дауыс беру құқығын шектеу ұсынылды

Қазақстанда жергілікті қоғам жиналыстарында шетел азаматтарының дауыс беру мүмкіндігіне тыйым салу ұсынылды. Осы ұсыныспен ҚР Парламентінің төменгі палатасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында мәжіліс депутаты Сапар Ахметов сөз сөйледі.
Астана қаласы27 Қазан , 15:28

«Дауыс беру бюджет қаражатын бөлуді, аудан орталығының, елді мекеннің даму жоспарын, бас жоспарын бекітуді білдіреді. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының ғана айрықша құқығы. Біз оларға шектеу қоймаймыз, олар барлық іс-шараларға қатыса алады, ұсыныс жасай алады, бірақ дауыс беруге Қазақстан азаматтары ғана қатысуы тиіс», - деп хабарлады С. Ахметов.

Депутат Артур Платонов бастаманы қолдай отырып, Қазақстан азаматтарының осы мәселеде барынша қорғалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Жұмыс тобының отырысына ҰЭМ, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Қаржы министрлігінің өкілдері, жергілікті өкілетті органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Аймақ» ҚР-дағы өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қорының және Гуманитарлық зерттеулер мен жобалар институтының мүшелері қатысты.  

Мәжіліс депутаты Асқар Базарбаев басқарған жұмыс тобы Салыстырмалы кестені талқылауды кейінгі отырыстарда жалғастыратын болады.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында іске асырылып жатқанын атап өтейік. Заң жобасын әзірлеу үшін Мемлекет басшысының 2012 жылғы 28 қарашадағы жарлығымен бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы негіз болды.

Заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқарудың өз бюджеті мен меншігін енгізуге, билікті демократияландыру саласындағы реформаларды жалғастыруға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі халық рөлін арттыруға бағытталған. Заң жобасының қабылдануы жергілікті бюджеттердің шығыстарына әкелмейді.




Яндекс.Метрика