Білім беру

Астанада балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 84,2% құрайды

2016 жылы Астана қаласында 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 84,2% (2015 ж. 64,5%) жетті. Бұл туралы бүгін брифинг барысында БАҚ өкілдеріне Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді.
Астана қаласы27 Қазан , 18:09

Қ. Сенғазыев 2017 жылдан бастап балабақшаларға жолдамалар электрондық түрде www.e.astana.kz сайты арқылы берілетінін хабарлады.  Оның айтуынша, бұл мөлдірлікті қамтамасыз етеді.  Ата-аналар үйлерінен шықпай-ақ, балабақшаларға арналған жолдамаға ие болады.  

Бүгінде жүйе пилоттық түрде іске қосылған. Оған сәйкес жолдамалар мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға берілуде. Жолдамаларды мемлекеттік балабақшаларға беруге қатысты ата-аналардың дерекқорын өзектендіру мәселесі пысықталу үстінде. Ересек топтардағы балалар мектептерге барғаннан кейін бос орындарды бөлу жұмыстары жүргізіледі (әдетте жылына 1 рет, сәуір-мамыр айларында).

Анықтама: Бүгінгі таңда елордада 49 472 баланы қамтитын түрлі үлгідегі 260 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде: 95 – мемлекеттік; 2 – ведомстволық; 115 – жекеменшік; 48 – шағын орталық. 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар арасындағы балабақшаға кезек 25 550 баланы құрайды.

2016 жылдың 1 қазаны бойынша Астанада 0-ден 6 жасқа дейнгі балалардың саны 87 947 жетсе, оның ішінде 78 606 бала мектепке дейінгі мекемелерде орын алуға кезекке қойылған. Жылда туу көрсеткішінің және көші-қон үрдістерінің артуына байланысты мектепке дейінгі жастағы балалардың қатары көбейіп келеді.  Күн сайын мектепке дейінгі мекемеден орын алуға кезекке 90 бала тіркеледі.




Яндекс.Метрика