Басқару

ҚР Бас прокуратурасында «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» жобасы таныстырылды

Қаржылық тергеп-тексеру және ұрланған активтерді шетелден қайтару мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстелде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» жобасының негізгі бағыттары туралы айтты.
Астана қаласы 27 Қазан, 13:08

«Проблемаларды шешудің алғашқы қадамы ретінде біз «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» жобасын іске қостық. Оның мақсаты – активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс жүргізу. Іс жүзінде – осы үш элемент: тергеушілер мен прокурорларды оқыту, ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін әдістеме әзірлеу және оған нормативтік-құқықтық мәртебе беру», - деді Бас прокурор.

Ол қазан айының басында Бас прокуратураның, Ұлттық бюроның, Мемлекеттік кірістер комитетінің және ІІМ 24 қызметкерінен тұратын бірінші топтың оқытылғанын атап өтті. Осы 24 қызметкердің ішінен 10-ы ұлттық жаттықтырушылар болады. Олардың миссиясы – Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында тергеушілер мен прокурорлар арасында жаңа әдістемелерді тарату.

Ж. Асановтың айтуы бойынша, жұмыс қорытындысы жаңа әдістеме болмақ. «Тергеушілерге активтерге тыйым салып, оларды елге қайтару үшін қылмыстық істер бойынша қалай әрекет ету керектігінің алгоритмдерін ұсыну қажет. Оларға іс жүргізу құжаттарының, үздік стандарттар бойынша сұратулардың үлгілерін берейік. Қаржылық барлау мен тергеу арасында тікелей ақпарат алмасуды ретке келтірейік», - деп атап өтті ол.

Бас прокурор жоба бойынша барлық құжаттарды әзірлеу осы жылдың соңына дейін аяқталады деп қосты.

Еске сала кетейік, 24 қазаннан бастап Бас прокуратурада шетелден ұрланған активтерді қайтару бойынша семинардың екінші кезеңі өтіп жатыр, оның аясында прокурорлар, судьялар және қазынашылық органдар қызметкерлері арасынан 10 ұлттық жаттықтырушы оқып жатыр. 





Яндекс.Метрика