Өңірлер

Астанадағы қазақстандық сүт конгресіне 200-ден астам адам қатысып жатыр (ФОТО)

Астанада екінші Қазақстандық сүт конгресі өз жұмысын бастады. Конгреске қатысушылар шикі сүттің сапасын, сүт фермасын табысты бизнеске айналдыру, шығындарды оңтайландыру, дамытуға қаржы табу, сүт бизнесінің экономикалық тиімділігін жақсарту, бәсекелестікті арттыру секілді мәселелерді өзара талқылап, сала сарапшыларымен пікір алмасты.
Нұр-Сұлтан 26 Қазан, 13:24

Шараға шетелдік және қазақстандық сүт өнімдерін өндірушілер мен фермерлер, сала сарапшылары, ассоциациялар мен бірлестіктер өкілдері, сондай-ақ БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының және ЕҚДБ сарапшылары қатысты.

 «Қазақстанның сүт өнімдерін өндірушілеріне сапалы шикі сүт керек және дүниежүзі бойынша жұмыс істейтін ұйым ретінде біздің міндетіміз Қазақстандық сүт шаруашылығын пайдалы ететін нақты шешімдер ұсыну» - дейді БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының инвестициялық орталығының маманы Инна Пунда.

ЕҚДБ Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін 1998 жылдан бері қолдап келеді. Содан бері банк шағын және орта бизнеспен 400 аса консалтингтік жобаны іске асырды. ЕҚДБ сүт саласының компанияларына өнім сапасын жақсартуға, шығындарды азайтуға, маркетинг пен дистрибуцияның тиімді стратегияларын енгізуге, энерготиімділік қағидаларын пайдалануға және басқа да көптеген мәселелерді шешуге көмектесті.

Соңғы бір жарым жылдың ішінде ЕҚДБ Қазақстанның ауыл шаруашылығына 200 млн еуро инвестиция жасады. ЕҚДБ шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту бағдарламасының Ақтөбе, Ақсай, Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Өскемен қалаларында орналасқан кеңселері ауылшаруашылық саласындағы ШОБ 2001 жылдан бері қолдау көрсетіп келеді.

 

 

 

 

 





Яндекс.Метрика