«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

«Нұрлы жол» Қазақстанда жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің басты ынталандырмасына айналды

«Нұрлы жол» бағдарламасы әлемдік экономиканың өсуінің бәсеңдеуі және экспорттық тауарларға бағалардың төмендеуі жағдайларында іскерлік белсенділікті қолдаудың және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің басты ынталандырмасына айналды, деді ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев.
Нұр-Сұлтан25 Қазан , 19:32

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы тиімді инфрақұрылым жасау негізінде еліміздің макроөңірлерін ықпалдастыру жолымен бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыруға бағытталған. Еліміздің 6 макроөңірі (Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Солтүстік, Алматы және Астана қалалары) анықталып, Алматы, Астаны, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалалары ұлттық және халықаралық деңгейдегі қалалар ретінде таңдалды», - деп мәлімдеді министр ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы барысында.

Оның айтуы бойынша, осы қалалар макроөңірлердің экономикалық белсенділігінің, капитал, ресурстар, озық технологиялар мен көрсетілетін қызметтер шоғырланатын орталықтарға айналады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды, тұрғын үй құрылысын дамыту және ТКШ жаңарту арқылы осы процеске ықпал етеді», - деп атап өтті министр.

«Сәулелік» қағидат бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым жасау мақсатында, коммуникациялардың барлық түрлері Астанадан басқа макроөңірлерге бағытталатын болады. Ол үшін мынадай жобаларды іске асыру жоспарланған: Орталық - Оңтүстік, Орталық - Шығыс, Орталық - Батыс, Батыс Еуропа – Батыс Қытай және басқа көлік жолы жобалары.  

«Мемлекеттік бағдарламада «Құрық» портында теміржол желілерінің және паромдық өткелдердің құрылысы көзделген, бұл Қазақстан арқылы Иран, Қытай, Ресей және ЕО елдері бағытында транзиттің өсуіне ықпал етеді», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Ол әлемдік экономиканың өсуінің бәсеңдеуі және экспорттық тауарларға бағалардың төмендеуі жағдайларында іскерлік белсенділікті қолдаудың және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің басты ынталандырмасына айналды.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика