Халықаралық интеграция

Таллинде Қазақстан-эстон үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті (ФОТО)

Таллинде Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-эстон үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 5-ші отырысы өтті.
Әлемде 25 Қазан, 13:47

ҮАК-тің қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, эстондық бөлігін Эстония Республикасы сыртқы істер министрлігінің вице-канцлері Вяйно Рейнарт басқарды, деп хабарлады ҚР СІМ.

Отырыс барысында оған қатысушылар екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды қозғайтын баяндамаларын оқыды. Тараптар инвестициялық және таринзиттік-көлік салаларындағы, агроөнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, құрылыс және туризм болашағын талқылады. Ақпараттық технологиялар, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың едәуір даму әлеуеті атап өтілді.

«Екі елдегі экономикалық жағдайды қарау кезінде әлемдегі дағдарыс құбылыстарына қарамастан, Қазақстан мен Эстонияның экономикалары тұрақтылық пен дамудың оң динамикасын көрсетіп отырғаны атап өтілді», - делінген хабарламада.   

В. Рейнарт өз сөзінде Қазақстан Эстония үшін өңірдегі маңызды сауда-экономикалық әріптес болып табылатынын мәлімдеді. Экономикалық қарым-қатынастарды талқылау шеңберінде негізгі тақырып ретінде транзиттік-көлік саласында өзара іс-қимыл жасау ұсынылды. Эстондық тарап «Жібек жолы экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы аясында бірлескен жобаларды іске асыру үшін өз елінің порт және теміржол қуаттылықтарын пайдалану мүмкіндіктерімен таныстырып өтті.  

Өз кезегінде, Р. Василенко Эстониямен қарым-қатынастарды жан-жақты дамыту міндетін еуропалық бағыттағы маңызды міндеттердің қатарына жатқызатынымызды атап өтті. Эстония Қазақстан мен ЕО арасындағы, әсіресе экономикалық салада қосымша байланыстырушы буын бола алады.

Қазақстандық дипломаттың айтуы бойынша, еуразиялық кеңістікте жаңа транзиттік-көлік дәліздерінің, магистральды бағдарлардың ашылуы осы мақсатқа ықпал етуі мүмкін.  

Тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ екі елдің жоғарғы оқу орындарының өзара іс-қимылы туралы келісімдерді іске асырудағы өзара жетістіктерін атап өтті. Одан басқа, Қазақстан мен Эстонияның бірлескен жобаларға, әсіресе АТ-технологияларды енгізу саласындағы бағдарламаларға қатысатын жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының санын одан әрі ұлғайту орындылығы да атап өтілді.

Туризмді дамыту мүмкіндіктерін талқылай отыра, Р. Василенко экономиканың осы саласы үшін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанда әзірленген, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және туристік әлеуетімен таныстыратын «Қазақстан – Ұлы дала елі» атты қосымшамен таныстырды.

Отырыс қорытындылары бойынша, екіжақты ынтымақтастықтың болашақ бағыттарын көрсететін Хаттамаға қол қойылды. 





Яндекс.Метрика